Айтыстың анасы атанған Әселхан Қалыбекова өмірден озды

180

 Халық ақыны Әселхан Қалыбекова 71 жасқа қараған шағында өмірден озды. Айтыстың аруанасы атанған ақынның қазасы тек туыстарына ғана емес, барша қазақ еліне ауыр соққы болды.

Бүгінде адалдық туын желбіретіп өткен арқалы айтыскердің артынан ерген ізбасарлары әлі де бұл хабарға сене алмай отырғандарын айтады. Дегенмен, ақынның мұрасын келешекке жеткізу шәкірттерінің жауапкершілігі екенін жақсы білеміз дейді олар.

Қазақ елі айтыстың ақтаңгері Әселхан Қалыбековадан айырылды. Ол айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің қамын ойлайтын нағыз батыр перзентіне айналып еді. Айтыстың аруанасы атанған ақын тек оңтүстіктің ғана емес, барша ел ақындарының ұстазы бола білді.

Ал, 35 жылдан бері жанына серік еткен шәкірті Маржан Есжанова әлі де қайғылы қазаға сене алмай отырғанын жеткізді. Дегенмен ұстазының мұрасын келешек ұрпаққа табыстап, оның жақсы қасиеттерін үлгі ету керек екенін жақсы біледі.

Маржан Есжанова, айтыскер ақын: «Апамның ұстаздығы бөлек әңгіме, апам басқа-басқа барлық нәрсеге адал еді. Шынында кешегі жазбалардағыдай батыр, аңғал, бала сияқты сенгіш, батыр сияқты өте керемет күшті болатын. Кез – келген жерде өзінің ойындағысын әкім екен, қара екен, үлкен басшы екен демей ойын ашық айтып отыра беретін.

Суырып салма айтыскер Әселхан Қалыбекова өмірінің соңғы жылдары жазба поэзияға бет бұрып, туған жері туралы біраз қалам тербеген. Ақынның туған өлкесін қаншалықты жақсы көргенін жазған өлеңдерінен-ақ байқауға болады. Тіпті, жарыққа шыққан кітабының алғашқысы да, соңғысы да кіндік қаны тамған өлкесіне арналған екен.

Анар Жаппарқұлова, айтыскер ақын: «Халық Әселхан апамызды не үшін жақсы көрді? Өйткені ол қарапайым халықтың сөзін сөйледі. Сол халықтың өзіндей қарапайым өлеңі елге түсінікті болды. Қазір елдің бәрі әлеуметтік желіге байланған кез ғой. Апам оны да меңгерді. Былтыр осы пандемия күшейіп тұрған кезінде Фейсбукта апам қанша елді жұбататын, елді тоқтататын, елге тоқтам айтатын сөздер айтты. Күнделікті болып жатқан қоғамның тыныш тіршілігіне апам үздіксіз араласып отырды. Ал кешегі соңғы бір аптаның көлемінде ғана апамның шамасы келмей қалды».

От ауызды, орақ тілді ақын ұлттың мүддесін ойлап, халықтың мұң-мұқтажын өлең арқылы жеткізген. Қарапайымдылығымен көзге түскен айтыскер соңғы демі қалғанша қаламын қолынан тастамаған. Адалдық туын желбіретіп өткен халық ақынын елі де ешқашан ұмытпайды.

Әселхан Қалыбекова 1950 жылы, 22 сәуірде Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Соңғы кездері денсаулығы сыр беріп жүрген 71 жастағы өнер иесі 5 шілде күні ауруханада өмірмен қош айтысты.

Мөлдір Ибадуллаева