Төл теңгемізге — 20 жыл!

1 теңге

15-қараша — төл теңгеміздің туған күні. Қазақ тәуелсіздігінің айбары мен айбатына айналған ақшамыз, адам өмірінің өлшемімен айтсақ, биыл 20-ға толды. Бүгін Кеңестің сабан ақшасын өзіне қайтарып, төл дүниемізді айналымға енгізген күн. Бұл күн — Қазақты бүкіл әлемге мойындатып, өз ақшамызды қолға ұстатқан дата.

1 теңге

Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін ұлттық валютаны шығару қажеттіліг туындады. Кеңестік Ресей жаңа рублін шығарып үлгерген. Осы арада дереу іске кіріскен Қазақ қайраткерлері бұрыннан құпия дайындап келген төл теңгені шығаруды тәуекелдің қайығына мініп, бастап жіберді.

 Ғалым Байназаров, 1992-93 жылдардағы Ұлттық Банк басқармасының төрағасы: «Англия, Францияның, Жапонияның ақша шығару фабрикаларын зерттедік. Сапасы жағынан Англиядағы Харисон фабрикасы ұнады. Осыдан бастап теңге жасау басталып кетті.»

Зейнеткер Бердіқұл Ибрагимов — төл теңгемізді алғаш болып ұстағандардың бірі. Ол 90-жылдары Ұлттық банктің Оңтүстіктегі бөлімінде қызмет еткен. Жаңа теңге айналымға шығардың алдында оның қауіп-қатерсіз елге таратылуына мұрындық болған азаматтың бірі — осы кісі. Қазірл сол жылдардағы қиын-қыстау кезеңді немерелеріне таңнан таңға асырып, айтып беруден жалықпайды. Өйткені, Қазақтың қамы үшін жасалған құпия іс алаштың болашағы үшін аса маңызды еді.

 Бердіқұл Ибрагимов, зейнеткер: «Бұл әрекет шынымен құпия болған. Құпия болғанын біз де білмейтінбіз. Ұлттық банктің жігіттері жиі-жиі Англия, Лондонға ұшатын болды. Шымкентке қонып, ары қарай ұшып кетеді. Қайтарда тағы қонып, осы жерден Алматыға барады да бір-екі аптадан кейін тағы ұшады. Сол кезде дайындық жасап, біздің дайын болған ақшаларды сол кезде таси бастаған екен. Біз оны білмейміз. Ешкім білген жоқ оны. Теңге айналымға шығарылғаннан кейін инкассацияның жігіттерімен сөйлессек, оны көптен бері тасығандарын айтады.»

Теңге айналымға енгеннен кейін 5 күн бойы елдегі ақшаны алмастырумен айналысқан кассирлердің жұмысын айтпай кету жөн емес. Олар тәулігіне миллардтаған сабан ақшаны теңгеге ауыстырып, отбасын көрмей жұмыс істеді. Сол кезде мамандар 500 рубльді қазақтың 1 теңгесіне пара-пар бағаммен алмастырып отырды.

 Гүлзипа Есерова, аға сарапшы-кассир: «Біз күндіз-түні жұмыс істедік. Ұйқыдан қалғанымыз соншалықты, ақшаны қарауылдап, бір-екі минут көзімізді іліп алсақ, болды, ары қарай жұмыс істей беретінбіз. Сөйтіп, ақша қапшықтарының үстінде отырып, көз шырымын алғанбыз.»

Алғашында ұлттың ұлы тұлғалары бедерленген төл теңге осынау 20 жыл ішінде түрліше өзгерді. Заманауи стильде сан түрге құлпырып, 1-ден 100 теңгеге дейінгі номиналдар жезді қалыпқа түсті. Бүгінгі күні Қазақтың ұлттық ақшасы 17 қорғаныш қабатымен қорғалған. Дизайны да ерекше. Төл теңгеміз ТМД-дағы ең қуатты валютаның бірі екенін атап өту керек. Көршілес елдердің ақшасын инфляция жеңіп жатқан тұста теңге өз деңгейін сақтап қалды. Бір емес, бірнеше қаржы дағдарыстарына да төтеп бере алды. Сонымен қоса 2011 және 2012 жылдары теңге «Үздік банкнот» атағына ие болды.

Төл теңге — халқымызды өзгеге кіріптар етпей, Қазақты қыр асырған пұл. Айтпақшы, қазіргі «деньги» деген сөзі де қазақтың «теңге» сөзінен шыққан деседі кейбір филологтарымыз. Олай болса, Қазақ ұлысының ұлттық валютасы айналымда барда ел экономикасына қауіп жоқ деп сенейік.