Тасты ауылының тұрғындары қатты отынмен қамтылды

1247
Тастылықтардың қуанышында шек жоқ

Қар түсісімен шалғай ауылдарда көмірдің бағасы шарықтап кетті. Мысалы, Созақ ауданының орталығынан 200 шақырым қашықтықтағы Тасты және Шу ауылдарында бір тонна қатты отынның құны он бес мың теңгеден асады. Ауданда бұл мәселе аймақтағы өндіріс орындарының әлеуметтік көмегі арқылы шешіліп отыр. «Катко» бірлескен кәсіпорны сол екі елдімекенге тегін көмір таратып беруде.

 

Тастылықтардың қуанышында шек жоқ
Тастылықтардың қуанышында шек жоқ

Күләш Омарқызы —  Тасты ауылының тұрғыны. Жолдасы сырқаттан қаза болған. Балалары да Ақтау қаласына жұмысқа кеткен. Сол себепті елдімекенге жеткізілген көмірдіөзі тасып жүр. 

Күләш Қуанышбекова, Тасты ауылының тұрғыны: «Біздің үйімізге «Катко» өндіріс орны 2 тонна көмір түсіріп берді. Рахмет, жыл сайын осындай көмек беріп тұрады».

Тасты мен Шуға көрші орналасқан «Катко» бірлескен кәсіпорны әрбір жанұяға екі тонна қатты отынды үлестіруде. Бұл дегеніміз әр отбасыға отыз мың теңге көмек көрсетілді деген сөз. Ауылдарға осы тектес жәрдем биыл бесінші рет жасалып жатыр.

 

"Катко" өндіріс орны әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үнемі көмек көрсетеді
«Катко» өндіріс орны әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үнемі көмек көрсетеді

Аталмыш өндіріс орны мереке күндері тұрғындарға тұрақты түрде сыйлық жасап отырады екен. Білім күнінде де аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіпті. Бала-бақшаның құрылысына да демеуші болып отыр. Жергілікті халықты жұмыспен қамтуды да назардан тыс қалдырмаған.

Нұртай Бейсенбаев, «Тасты» ауылдық әлеуметттік қолдау қоғамдық қорының төрағасы: «Ауыл тұрғындарының 70 пайызы өндіріс орындарында жұмыс істесе, оның 40 пайызы «Каткода». Оқу орнын енді бітіріп келген жастарды жұмысқа алса деген талабымыз орындалса, нұр үстіне нұр болар еді».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=nNoiwgoA6jw[/youtube]

Тастыдағы 251 отбасыға көмір таратылып біткен соң, Шу ауылындағы 125 жанұяға қатты отын алу кезегі келеді. Мұндай әлеуметтік көмектер жасала беретін болады дейді өндіріс орнының өкілдері.