Жансейіт Түймебаев: «Тұрғындар биыл қыста тоңбауы тиіс»

313
Шымкент. Мектеп. Көмір

Оңтүстіктің тұрғындары қыста тоңбауы тиіс. Ол үшін қажетті қатты отынның әр отбасына төмен бағамен жеткізілуін аудан, қала, басқарма басшылары ұйымдастырып бақылауға алуы қажет. Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осындай тапсырма берді. Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда өңірдегі бюджеттік мекемелердің барлығы қажетті отынмен қамтамасыз етілген. Десе де қоймаларда көмір тапшылығы байқалады. Оның үстіне алыпсатарлар отын бағасын көтеріп жіберген. Енді арадағы делдалдар қатаң бақылауға алынатын болды.

ОҚО тұрғындарының қыста көмірге деген сұранысы 750-800 мың тонна. Бүгінгі таңда соның 350 мың тоннасы тұрғындарға жеткізіліпті. Әсіресе, қараша және желтоқсан айында отынның қажеттілігі арта түседі. Сала мамандарының айтуынша, қоймада 54 мың тонна көмір бар. Бірақ бағасы қымбат – 18 мың теңгеге дейін шарықтап кетіпті. Бағаның осылай өсуіне алыпсатарлар кінәлі екен. Облысқа көмірді екі компания жеткізеді, ал олардан 5 мекеме алып-сатады. Одан қалса жеке көлігі барлар да көмір сатып, күн көруді көздейді екен. Нәтижесінде баға шарықтай түседі.

«Қазақстан теміржолы» компаниясының мәліметі бойынша, бүгінде Шұбаркөл разъезінен 100 вагон, Майтөбеден 57 вагон көмір жөнелтілген. Облыс әкімінің айтуынша, Қарағандыдағы қатты отынның бағасы айтарлықтай қымбат емес – 4,5 және 6,5 мың теңге көлемінде екен. Біздің облысқа 10 мың 500 теңгемен теміржол арқылы жеткізіледі. Енді қыстың қамын жазда ойламаған шенеуніктер жұмыстарын ширатып, әр отбасына арзан бағадағы қатты отынның жеткізілуін қадағалауы тиіс. Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті де бағаның көтерілуіне жол бермеуі тиіс.

Ал жанар-жағармайдан тапшылық жоқ, бағасы аздап қымбаттағанымен, жүргізушілер өздеріне қажет АИ 92 маркалы бензин мен дизельді отынды кез келген бекеттен ала алады. Облыс әкімі бұл мәселе де қатаң бақылауда болуын шегеледі.

Нұрлан Күдерұлы