Тоқырап қалған кәсіпорындарға «тұрақтандыру қоры» жан береді

Бақтыбай Қасымбеков

Тоқтап қалған кәсіпорындардың бойына қайта қан жүгірту үшін елімізде «тұрақтандыру қоры» құрылады. Бұл бір емес, бірнеше кәсіпорны тоқырап қалған Оңтүстік үшін өте тиімді болмақ. Бүгін өңірімізге арнайы іс-сапармен келген Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Бақтыбай Қасымбеков осылай деді. Жаңа жылдан бастап жүзеге асырылатын жаңа жоба облыстағы мақта кластеріне қатысты туындаған мәселенің шешімін таппақ. Сала мамандары бас қосқан жиында төраға осындай жаңалық айтты.

Бақтыбай Қасымбеков
Бақтыбай Қасымбеков

Бақтыбай Қасымбеков, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Өнеркәсіп комитетінің төрағасы: «Елбасы үлкен сын айтты ғой бізге. «Оңтүстік өңірінде мен ашқан мекемелер қазір тоқтап тұр» — деді. Әрине, қазір бұл мәселенің шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Егер, жаңа жылдан бастап барлық мекемелер осы іске қосылса, біз жылына 40 мың тонна мақтаны өзімізде — Оңтүстік Қазақстан облысында өңдейміз деп ойлаймын. Бұл дегеніміз жаңадан үш мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Бұл Оңтүстік өңірінің әлеуметтік әлеуетін өте жоғары деңгей көтеріп тастайды».

Соңғы 5 жылда Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп айтарлықтай өскен. Мәселен, 2008 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі бақандай 17 миллиард теңгеге көбейіпті. Жалпы, Қазақстанда 707 жеңіл өнеркәсіп орны жұмыс істейді екен. Соның 50 пайызын тоқыма бұйымдары құраса, қалғанын, киім, былғары өнімдері алатын көрінеді.

Мұнан соң, төраға өңірдегі «Химфарм» АҚ-ның жұмысымен танысты. Жаңадан қосымша цехтар салып жатқан компания қожайындары Бақтыбай Қасымбековтен мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қолдаулардың қажеттілігін сұрады. Алайда, олардың нендей проблемаларының шешім таппай жатқанын компания басшылары тілшілермен бөліскісі келген жоқ. Айта өтейік, «Химфарм» АҚ 240 түрлі дәрі-дәрмек шығаратын еліміздегі бірден-бір компания болып табылады.

[youtube]http://youtu.be/Phk2-6Rdkmk[/youtube]