Шымкентте кәсіпорындардың жұмысы жанданып жатыр

39

«Іскер қала» өңірлік бағдарламасы шеңберінде Шымкент қаласында бірнеше жылдар бойы тоқтап тұрған ірі кәсіпорындар жаңарды. Оның бірі «Трубмашхолдинг» ЖШС-нің базасында биыл алғашқы өндірістік парк ретінде «Silkway Alliance» алаңы пилоттық жоба ретінде іске асырылды.

Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Т.Дербіс брифинг барысында мәлімдеді.

Елімізде алғаш болып Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталмыш бағдарламаның негізгі бағыттары мен ерекшеліктері шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелендіру және тоқтап тұрған кәсіпорындарды жандандыру болып табылады.

Қазіргі таңда инфрақұрылымымен толық жабдықталып бітті. Алайда жұмысы тоқтап тұрған «Қайнар май» ЖШС ірі кәсіпорынының базасында тағы да жаңа өндірістік парктің дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Парктің жалпы аумағы 4,3 га-ды құрайды. Ал, өндірістік алаңы 10 мың 500 ш.м. болатын өндірістік паркте 48 шағын кәсіпорынның жұмысын іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда, жыл басынан 333 млн. теңгеге жұмысы тұралаған 37 жобаға жеңілдетілген несиелер берілді.

«Тоқтап тұрған кәсіпорындардың өндірістік алаңдарын шағын кәсіпорындармен толтыру арқылы шағын бизнестің жаңа жобалары жүзеге асырылады, нәтижесінде бірнеше тоқтап тұрған кәсіпорындардың өндірістік алаңдары жанданады. Аталған бағдарлама аясында жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін 1 пайызбен 10 миллион теңгеге дейін, өндірістік алаңдарының қатысушыларына жылдық 2 пайызбен 50 миллион теңгеге дейін жеңілдікпен несиелер ұсыну. Бүгінгі таңда, жыл басынан 333 миллион теңгеге 37 жобаға жеңілдетілген несиелер берілді», – деді Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Т.Дербіс.

«Іскер қала» өңірлік бағдарламасы шеңберінде қаламызда бірнеше жылдар бойы тоқтап тұрған ірі кәсіпорындардың бойына осылайша қан жүгірмек. Бұл өз кезегінде қаламыздың экономикасының ілгерілеуіне, шағын және орта бизнесті дамытуға, жұмыссыздық мәселесін шешуге көп көмек қолын созбақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі тапсырмаларының бірі экономиканы дамыту болатын. Осы бағытта Шымкент қаласында толымды тірліктер атқарылуда. Соның бір көрінісі осы.

Сонымен қатар, қаламыздағы бұрынғы қорғасын зауытының аумағында шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында республикада алғашқы болып «Standard» жеке индустриялық аймағының құрылысы жоспарлануда. Іске асыру мерзімі 2022-2023 жылдарға жоспарланған.

Әсел Мәлік