Қазақстандағы құрылыстың тең жартысы — Оңтүстікте

182

ОҚО құрылыс басқармасының мәліметіне қарағанда, республикадағы әлеуметтік сала құрылыстарының 49 пайызы Оңтүстіктің еншісінде. Ағымдағы жылды облыс әкімі «Тұрғын үй» жылы деп жариялаған болатын. Биыл республикалық бюджеттен тұрғын үй құрылысына 2 миллиард теңге қарастырылса, жергілікті бюджет есебінен қосымша 3,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға облыста жалпы ауданы 213,9 мың шаршы метр немесе 3 835 пәтерді құрайтын 75 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

 Биыл 30 үйдің, құрылысын аяқтап, тапсыру жоспарланса, 45 үйдің құрылысы 2014 жылға өтті. Кезектегі тұрғандар үшін жалдамалы үйдің құрылысы бойынша 700 миллион теңге бөлінген болатын. Бұл қаражыға салынған 25 үйдің 24-і биыл тапсырылуда, 1 тұрғын үй 2014 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 10,2 мың шаршы метр немесе 147 пәтер түрғын үй пайдалануға берілген. Мәселен, жас отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысына бөлінген 500 миллион теңге қаржы құрылысы 2012 жылы басталған 7 үйге бағытталған. 2 үйдің құрылысы биыл аяқталса, қалған 5 үй келер жылы бітеді дейді сала мамандары.

 

ОҚО құрылыс басқармасының мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері  316 әлеуметтік сала нысандарының құрылысын жүргізу, 215 инвестициялық жобаны жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған. Ал 101 инвестициялық жоба 2014 жылы жүзеге асады. Білім беру саласында 86 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 2013 жылы 43 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарланған.

Бүгінгі таңда нақты 31 нысан құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға өткізілсе, қалған 12 нысан жыл соңына дейін тапсырылады. Денсаулық сақтау саласында 69 нысанның құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде биыл 65 нысанды аяқтау жоспарланған. Бүгінгі таңда нақты 56 нысанның құрылысы толығымен аяқталған. Ал 9 нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.