Оңтүстікке тағы 100 мектеп салынады

492
Балалар апатты мектепте білім алуда

Ел аумағында апатты мектептердің саны 182-ге жетті. Олардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрлігі мәлімдеді. Ең сорақысы – осы апатты деп табылған білім ұяларында әлі күнге оқушылар білім алып келеді. Осындай білім ошақтарын жаңалау мақсатында биыл өңірде 100 мектеп салынады.

№65 мектеп
Әбдірашит Мұзрапұлы атындағы № 65 мектеп

Сайрам ауданына қарасты Көлкент ауылындағы №65 мектепте бар-жоғы 11 сынып бар.  2012 жылы ақпан айында оның 4 сынып кабинеті апатты деп танылып, қабырға ортаға ойылып түспес үшін ағаш тіреулер қойылыпты. Сол сәттен бастап бұл сыныптарға ешкім кіргізілмейді.

Мектептің апатты бөлігі
Мектеп құлағалы тұр

№65 Әбдірәшит Мұзрапұлы мектебіндегі апатты деп танылған сыныптардың есігі бүгінде шегеленіп тасталған. Бірақ бұл шара мектеп оқушыларының қорқынышын сейілтер емес. Оларды жарылған қабырғалар ғана емес, сыныптағы қолқаны қабатын жағымсыз иіс те алаңдатады. 

апатты сыныптар
апатты сыныптар

Ділмұрат Құрбанов, 8 сынып оқушысы: «Сыныпқа кірсек, ауасы онша жақсы емес, әрдайым қоңырау арасында көшеге шығып, таза ауамен демалып кіреміз. Мұндай апатты мектепте оқыған қорқынышты, бірақ, біз амал жоқ, оқып жатырмыз. Жуырда жақсы мектепте оқимыз деп үміттенеміз.»

мектептің қабырғалары сөгіліп жатыр
Төбеге тіреу қойылған

Бүгінде осы 180 орынды мектепте 346 шәкірт 3 ауысымда білім алып келеді. Оқушылардың мұндай жағдайы мектеп басшылығын да сары уайымға салып отыр.

Қабылжан Өмірәлиев, Әбірашит Мұзрапұлы мектебінің директоры: «Қазіргі ең басты проблемамыз осы. Жұмысқа ертерек келемін, кеш қайтамын. Сол екі жылдан бері уайымнан мен ауырып та қалдым. Бұл проблеманы әрбір минутта есімнен шығармай жүремін ғой. Сол қабырға құлап басып қалады ма, құлап қалады ма деп, бірдеңе болады ма деп жүремін».

Бұған қарамай, балалар білім алып жатыр
Басқа кабинеттерде балалар білім алып жатыр

Сайрам ауданында бұл мектептен бөлек тағы 3 бірдей білім ошағы апатты жағдайда. Ал 11 мектептің (№101 Ғайрат, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп, №65 Мұзрапов, Ибарагим ата мектебі, №64 Ш.Рашидов, №66 М.Мәметова, К.Қасымұлы мектебі, №100 мектеп, №81 Ұлықбек, далабазар атындағы мектеп) оқушылары 3 ауысымда білім алып келеді. Аудандық білім бөлімінің басшылығы бұл ахуал білім сапасына әсерін тигізіп жатқанын жасырған жоқ.

Нұрболат Қаратай, Сайрам аудандық білім беру бөлімі басшысының орынбасары: «Материалдық база міндетті түрде балаларға кері әсерін тигізеді. Себебі, оның ішінде баланың денсаулығына айтарлықтай кері кесірін тигізеді. Мектептің аумағы әр оқушыға шаққанда 2-2,5 шаршы  метр болуы керек. Бұл талап орындалып жатқан жоқ. Сыныптың ауасы тар, сол себептен міндетті түрде денсаулыққа әсер еткеннен кейін білім сапасына да әсер етеді.»

Аудандағы апатты мектептің санын азайту үшін 6 жаңа нысан құрылысының жобасы жасалынған. Оның екеуінің іргесі биыл қалана бастаса, қалғанының тағдыры әлі тұманды.

Мадияр Байымбетов, ОҚО құрылыс басқармасы әлеуметтік нысандар құрылысы бөлімінің бас маманы: «Сайрам ауданы бойынша жалпы 6 мектептің құрылысы осы жылға жоспарланған. Оған 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінеді деп күтілуде. Биыл 4 нысан толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал 2 нысан 2015 жылға өтпелі.

Айта кетейік, биыл облыс аумағында 100 жаңа мектептің құрылысы қолға алынып, оның 66-сы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Ең көп мектеп Шымкент қаласына салынбақ. Қалада 23 мектептің құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады.Оған қоса биыл Сарығашта 18, Қазығұрт ауданында 8, Ордабасыда 6 білім ұясы бой көтереді деп жоспарланыпты.