Қоғамдық қабылдау барысы

«Нұр Отан» партиясы кезекті рет қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл жолы тұрғындардың талап-тілегін облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков тыңдады.

Қоғамдық қабылдау барысы
Қоғамдық қабылдау барысы

 Жиырмаға жуық азамат көкейтесті мәселелерінің шешімін іздеп келген. Бірі бітпес жер дауына нүкте қойып беруді сұранса, енді бірі қоғамдық көліктердің қызметін ретке келтіруді өтінді. Коммуналдық қызметтің сапасыздығы да сөз болды. Әсіресе, жеке бастың наразылығын күйттегендерден гөрі, көше тазалығының сын көтермейтінен айтқандар көп болды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=sQzhAuDKQUY[/youtube]

 

 Ал Қайнарбұлақ саяжайынан келген бір топ азаматша бір айдан бері жарықсыз отырғандарын жеткізді. Трансформатор жекенің меншігі болғандықтан ба, бұл мәселені басшылар бірден шеше алмады. Мардымды жауап та бере алмады. Жергілікті арналарға сілтеп, шығарып салды.

Қоғамдық қабылдаудан шыққан біздерді тұрғындар сұрақ астына алды. «Сіздер не шешесіздер? Текке телеарнаға шығып, айқайлағанымыз қалады? Әлде көмектесе аласыздар ма?» деген сауалдарды қойған олардың арасында көпбалалы ана да бар. Көз жасына ерік берік Лариса Есназарова бір айдан бері майшаммен отырғанын жеткізді.

Лариса Есназарова
Лариса Есназарова

Лариса Есназарова, Қайнарбұлақ саяжайының тұрғыны: «Мен бір айдан бері жарықсыз отырмын. Әкімдікке бардым. «Нұр Отанға» келдім. Енді не істеймін? Күнде балауыз сатып алуға да ақша керек. Мен төлемеймін деп жатқаным жоқ жарыққа, төлеймін деген ақшамды қабылдамайды. Жекеге қараған соң осы ғой. Күніміз түнекке айналды. Осы трансформаторды мемлекет өз қарамағына алса да болады ғой, қарапайым халықты шырылдатпай!»

Шырылдаған ананың жайымен бүгін жіті таныстық. Үйіне жарық келген. Оған да қолдары әзер жеткенін айтады. «Сіздер кете сала, біз қоғамдық қабылдаудың аяқталғанын күттік. Әкімді күтіп алып, жауапқа қанағаттанбайтынымызды жеткіздік. Еріп, әкімдікке бардық. Олар бізбен еріп, саяжайға келді. Трансформатордың иесімен сөйлесті. Ақшамызды алдырды. Сонда да жарық беруші «ханымымыз»мұның бәрі-уақытша екенін айтып салды. Мейлі, айта берсін. Ең бастысы – бала-шағам жарықта сабақ оқып, жарықта тамақ ішетін болды. Рахмет!» деген көпбалалы ана ризашылығын айтып отыр. Дегенмен де жарықтың мемлекеттің меншігіне өтетін күнді асыға күтетінін жеткізді.