Қайнарбұлақ халқымен кездескен қала басшысы тұрғындардың 100-ден аса сауалына жауап берді

48

Биыл Қайнарбұлақ саяжайы 100 пайыз ауыз сумен және жарықпен қамтылады. Бұл туралды қала басшысы аймақ тұрғындарымен кездесу барысында мәлім етті. Ал тұрғындар әкім мен басқарма басшыларына өздерін толғандырған барлық мәселені жеткізді. Мұндағы халықтың басым бөлігі мегаполис басшысына өңірдегі инфроқұрылымның жағдайына қатысты сауал жолдады. 

Мегаполис басшысы биылдан бастап Абай ауданына көшкен Қайнарбұлақ саяжайы тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға келген халықтың қарасы қалың. Себебі қаланың шет жағында орналасқан бұл аймаққа инфрақұрылым жүйесіне енді жеткен. Жетті дегенмен бұл саланың проблемалы тұстары көп. Мәселен, елдімекеннің белсенді тұрғыны Ақмарал Өмірзақова жиында жарықтың жағдайын айтты. Сөзінше жарықтың мезгілсіз сөніп қала беруінен үйдегі бірқатар тұрмыстық техникалар күйіп кеткен.

Ақмарал Өмірзақова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Әр 3-4 күн сайын жарық өшеді. Жаңбыр да, жел де ештеңе жоқ. Осы сұрақты 10 жылдай бұрын көтергенімізде жақсы шешіліп еді. Қазір ешқандай себепсіз өшіп жатыр. Соны қолға алсаңыз».

Қала басшысы бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылғандығын айтты.

Әділбек Анарбаев, Шымкент қалалық электр жүйелері басшысының орынбасары: “Күш түсуіне байланысты өшіп қалып жатыр. Өздеріңізге де түсіндіріп айттық бұл жайында. Жақында дұрысталады бәрі”.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Келесі аптадан бастап топ құрып, барып тексереміз. Мәселе неден екенін анықтайтын боламын. Келесі 3 айдың ішінде қайта жаңғыртудан өткіземіз, ауыстыру керек заттар болса, бәрін қарастырамыз».

Қайнарбұлақтықтар жиында жарықтан өзге жол құрылысы, көгілдір отын, ауыз су бойынша бірқатар мәселе көтерді.

Халықтың мұң мұқтажын тыңдаған қала басшысы өңірде инфрақұрылым мәселесі қашан толық шешілетінін айтты.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Су мен жарық 100 пайыз келеді. Ал газдың биыл 70 пайызын береміз. Қалған 30 пайызы келесі жылы бітеді».

Басқарма басшыларымен бірге отырып халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған қала басшысы, тұрғындар тарапынан қойылған барлық сұрақты жазып алды. Әр мәселеге жіті көңіл бөлетінін айтып, проблеманың барлығы заң шеңберінде, кезеңімен шешілетінін жеткізді.