Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 11 айда атқарған жұмыстары жөнінде БАҚ өкілдеріне есеп берді. 13 бөлімнен тұратын баяндаманы оқыған мекеме басшысы саладағы атқарылған жұмыстар мен тірліктердің кемшін тұстарын да айтып өтті.
Қала экологиясындағы өзекті мәселе — қорғасын қалдықтары мен оның зардабын жою. Мұндай ахуал Кентау қаласының төңірегінде де қалыптасып отыр. Қазір улы затпен ластанған топырақты тазарту жобалары қолға алынды. Орман өртінен де қоршаған орта едәуір зардап шегіп жатыр. Сондай-ақ, биыл облыста 27 заңсыз ағаш кесу, 31 аң аулау оқиғалары тіркелген. Өртенген ормен мен кесілген ағаштың орнын толтыру үшін облыс аумағындағы 1591 гектар ормандық алқапқа жаңа көшеттер егіліпті.
Мұхит Отаршиев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: «Биыл өртке шектеу қою мақсатында 4695,5 шақырым орман ағаштарына күтім жасалды. Сонымен бірге өртке қарсы 159 шақырым жолдар жөнделді.»
Бұдан өзге мәселе — өңірге жыл сайын жасыл желек отырғызылғанымен, олардың көбісі ай өтпей жатып-ақ қурап кетіп жатыр. Оған, ең алдымен, жер құнарының толық зерттелмеуі кесірін тигізсе, екіншіден, отырғызылатын көшеттердің қаншалықты жерсінетіні ескерусіз қалуда.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=9iPYsFRtgaY[/youtube]
Мұхит Отаршиев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: «Алдымен жердің құнарлылығы анықталу керек. Құнарлығы төмен болған жағдайда не есептен шығады, не толықтырылып, есепке алынады. Осы орайда мердігер мекеме жұмыс жасап отыр. Олар 2 жылға келісім-шарт жасасқан.»
Саладағы негізгі қордаланған мәселенің тағы бірі — тұрмыстық қалдықтардың көбейіп жатқаны. Өңірде қоқыс көлемі жыл сайын 2000-3000 тоннаға дейін ұлғайып келеді. Олардың қоршаған ортаға кері әсерін болдырмаудың әзірше бірден-бір тиімді әдісі — қатты қалдықтарды арнайы полигондарда жинақтап, сақтау болып отыр. Осы мақсатта қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.