«Оңтүстік Рабат» газетінің №39 нөмірінде жарық көрген «Мазарат па, қала ма?» атты мақаланы оқып, қатты ойға қалдым. Сосын, ол ойымды газет арқылы бөлісіп, өзге мұсылман жамағатпен пікірлесу керектігіне тоқталдым.
Мұсылмандар бейіті қандай болуы керектігі жөнінде діни кітап «Мұқтисарда» нақты айтылған. Дініміз-Ислам, мәзхабымыз – Әбу Ханафиа. Имам Ағзамның өсиеттері қазақ халқына тән болып келеді. Салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз да сонымен астасып жатқандай. Ол кісі бейіт туралы былай дейді: «Өмірден қайтқан адамның бейітінің басына ешқандай да құрылыс салынбасын, кішігірім көктастың бетіне бақилық болған жанның атын, руын, тегін және «Ла-лилаһа иллалаһ Мұхамаддур рас-суллаһ» деген кәлиманы жазса жетіп жатыр» дейді. Дегенмен, әлгі көктастың ортасынан кішкентай ғана ойық жасап қоюды ұмытпау керек. Неге десеңіз жаңбыр жауғанда осы ойыққа су тұрып, оны құстар ішсе үлкен сауап. Алайда, мола басынан үй тұрғызу тек құмды жерлерде, көк тас көміліп қалатын аймақтарда ғана дұрыс деп келетін Құран сөздерін жадымызда сақтауымыз керек.
Сол секілді моланың үстіне төбесі жабық кесене салу дұрыс емес. Өйткені, Құдайдың нұры саналатын жаңбыр өлген әруаққа да керек шығар, деп ойлаймын.
Моланың үстін таспен бастыру – орыстардан, құрылыс салу- еуропалықтардан келген нәрсе екенін ұмытпайық, ағайын!
Мұндай артық істердің өлген адамды қинайтынын біліп, аяқ тартқанымыз жөн болар. Ендеше, өз дініміздің өсиетіндей етіп, жалпы мазараттың сыртын ғана қоршап, күтіп, ата-ана, туыстарымыздың басына көк тас қоймай-ақ, рухына бағыштап Құран оқып отырайық.
Менің ата-анам оқуда жүргенімде қайтыс болды. Өзекті өртер өкінішім- ең жақын адамдарымды арулап көмгенде бір уыс топырақ сала алмай қалғаным болды. Содан, арада 58 жыл өткенде басына көк тас қойдым. Бәрі жоғарыда айтылғандай, орнымен жасалды.
Мұны мақтану үшін емес, ортаға ой тастап, пікірлесу үшін айтып отырғанымды жоғарыда айтып өттім. Қоғамды бірге түзеп, жастарға жөн сілтеп, бірге тәрбиелеп отырған абзал.
Ақшора ТІЛЕУБАЕВ, Шымкент қаласының тұрғыны