Имамдар қан тапсырды

имамдар қан тапсыруда

Бүгінде облыс ауруханаларында қан тапшы. Осы жағдайды ескерген облыс мешіттерінің имамдары «Өмірге үміт сыйла» атты акциясын өткізді. Оған Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш, Төлеби, Сайрам аудандары мен Шымкент қаласынан жалпы саны 105 имам атсалысып, облыстық қан орталығында қан тапсырды. Олардың әрқайсысы 450 грамнан қан өткізіп, сауапты істің ұйытқысы болды. Бұл шара осымен дәстүрлі түрде үшінші рет өткізіліп отыр.

имамдар қан тапсыруда
Имамдардың қан тапсыру сәті

Өз қанын өзгеге бөліп беріп, шынайы жанашырлық, бауырмалдық танытқан иманды жандар жыл сайын өз еріктерімен қан тапсыруды жауапты міндет деп біледі. Қан тапсыру – Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с) сүннеті, әрі сауапты амалдардың бірі. Қан алдырудың бірнеше түрі бар. Солардың бірі – сүлік жәндігі арқылы болса, екіншісі хижама және дәрігерлердің көмегімен қан тапсыру. Қасиетті Құранда: «… Кімде-кім біреуге өмір сыйласа (өлімнен құтқарса), ол бүкіл адамзатты тірілткенмен тең» делінген.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=BSYFGMocIYU[/youtube]

Айдос Болатов
Айдос Болатов

Айдос Болатов, «Сейіткәрім қажы» мешітінің имамы: «Қан тапсыру, ең алдымен, Алланың разышылығы үшін жасалатын сауапты іс. Ол да садақаның бір түрі, Пайғамбарымыздың (с.а.с) сүннеті саналады. Ер адамдарға жылына екі рет қан тапсырып тұрудың денсаулыққа да пайдасы зор. Ол қанайналым процесінің бірқалыпты болуын қамтамасыз етеді.