Мұнай ұрлағандар сотталды

253

Оңтүстік Қазақстан облысында мұнай ұрлағандар сотталды. Бұл іс мамандандырылған қылмыстық сотта қаралған болатын. Үкім де сонда оқылды. Бұл атышулы іс бойынша 16 адам айыпталушы болып танылған. Тергеушілердің мәліметінше, бұл қылмыстық топтың мүшелері жарты жыл бойына «Құмкөл-Павлодар-Шымкент» құбырынан мұнай ұрлап келген.

 Қолды болған қара алтынның көлемі 400 тоннадан асып кетеді. Келген шығынның көлемі — 17 миллион теңге. Сот отырысы 7 айға созылды. Ең соңында анық болғандай, ұрланған мұнайды қылмыскерлер «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автодәлізін салумен айналысатын зауытқа сатып келіпті. Сондықтан, осы мекеменің 4 жетекшісі де сотталды. Олар 3 жылға шартты жазаға кесілді. Ал мұнай ұрлаған тотың жетекшісі 8 жылға бас бостандығынан айрылса, топтың қалған мүшелері 5 жылға темір торға жабу жазасына кесілді. Енді айыпталушы тараптың 15 күннің ішінде шағым жасау мүмкіндіктері бар.