Шымкенттегі №24 Саттар Ерубаев атындағы мектептің оқушылары ғасыр дертімен күресуге шықты. Олар аты суық аурудың қауіп-қатерін айтып, достары арасында салауатты өмірді насихаттады. «Спидке жол жоқ» атты шара барысында осынау ғасыр індетінің соңы өлімге әкелетінін оқушылар ашық айтты.
Шолпан Тұрғанбек, №24 С.Ерубаев атындағы мектептің оқушысы: «Ең бастысы, темекі, спирттік ішімдіктерге жоламаған дұрыс. Барлық ауру осыдан басталады ғой. Біздің, яғни, оқушылардың қазіргі міндеті — тек оқу, білім алу. Сондықтан, жаман әрекеттерге бой ұрудан аулақ болуымыз тиіс! Мен салауатты өмір салтын ұстанамын, менің де достарымның, замандастарымның дұрыс жолды таңдағанын қалаймын.»
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, биыл әлемде осы дертті жұқтырған адамдардың саны 34 миллионға жетті. Бұл — 2001 жылға қарағанда 17 пайызға жоғары. Қазақстанда да ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың саны өскен. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 4,5 мыңнан астам адам осы ауруға душар болғандардың тізімінде тұр. Ал облыста 10 айдың көрсеткіші бойынша 300 мың тұрғын ғасыр дертіне қатысты тест тапсырып, олардың ішінде 152-інде ауру індеті бар екені анықталған.
Нәзира Жүргенбаева, облыстық спидтің алдын алу және онымен күресу орталығының әлеуметтік қызметкері: «Өкінішке орай, қазіргі уақытта біздің облысымызда спидке шалдыққандардың қатары өсіп отыр. Бұл шылымға құмартудан, нашақорлыққа салынудан және маскүнемге айналудан басталады. Азаюдың орнына, ғасыр дертінің ұлғаюы — жастардың болашағына балта шауып жатыр.»
Жастардың мінез-құлқы мен әрекеттеріне баса назар аударып, түсіндірме жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін осы акция қала аумағында желтоқсан айының соңына дейін жалғасын табатын болады.