Оқушылар индустриалды аймаққа саяхаттады

369

Оңтүстік индустриалы аймағына мектеп оқушылары арнайы келді. Бір-екі жылда мектеп бітіретін оларды техникалық мамандықтарға баулу үшін экскурсия ұйымдастырған облыстық жастар орталығы болатын.

 

Бір емес, бірден 54 жобаны іске асырып, өңіріміздің экономикалық өсуіне өзіндік үлес қосып жатқан аймақ басшылығы жастарды құшақ жая қарсы алды. Бірінші болып жеткіншектер көлік майын шығаратын «Hill corporation»  зауытына келді. Зауыттың бас инженері оқушыларды техникалық ережемен, зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстырды.

 

Оқушылардың қызығушылығы бірден артып, заман көшіне ілесіп, автоматтандырылған жүйемен жұмыс жасап жатқан зауыттың қызметкерлерін сұрақ астына алды. Бұған дейін зауыт десе, үсті-басы май басқан адамды елестетін жастар техникалық мамандықтың да абыройы артқанына көз жеткізді.

Өзімізде жасалған өнімдермен жіті танысып, марқайып қалғандары да көп болды. Аймаққа күнде келе бермейтіндерін ескеріп, естелік суретке де түсіп жатқандары бар.

Мойындау керек, жастардың арасында техникалық мамандықты таңдағандар жоқтың қасы. Бірінің менеджер, енді бірінің банк қызметкері, қала берді, бастық болғысы келеді. Десе де, осындай танымдық шаралардың нәтижесінде техникалық мамандыққа бет бұратындар шығады дейді ұйымдастырушылар.

Бұл – темір-бетон өнімдерін шығаратын зауыт. Құрылыс саласына ауадай қажет өнімдерді зауыт мамандары өз қолдарымен жасап шығарады.

Ең басты, санына емес, сапасына көңіл бөлеміз деген қызметкерлердің еңбегін жастар бағалай білді.

Жауапкершілік пен күш қуатты талап ететін маман атану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан нәпақасын адал тауып отырған жандарға сәттілік тіледі.

Бұл – өзіміздің өнім. Сұранысы артып тұр.

Жастар зауыт жұмысымен жіті танысты. Қажетті мамандардың тапшылығы да сөз болды. Егер техникалық маман атанамын десе, кейбір зауыт басшылығы олардың біліктілігін арттыру үшін шетел асырып, оқытатындарын да айтты.