Оңтүстікте шығарылған тауарларды Мәскеуде саудалауға мүмкіндік бар. Өңір басшылығы мен Ресей Үкіметінің қызмет және сауда министрлігінің кездесуінде осы мәселе пысықталды. Мәскеу нарығына қазақстандық тауарларды шығару мәселесін талқылауға ресейлік делегацияны министрдің өзі бастап келген.
Алексей Немерюк, Мәскеу қаласы Үкіметінің қызмет және сауда министрі: «Оңтүстіктің сапалы көкөніс пен жеміс-жидегін мәскеуліктер де пайдалану үшін келісімге қол қойғалы отырмыз. Бұл бастама бізді қатты қызықтырды. 20 миллионнан астам тұрғыны бар бір ғана Мәскеу қаласы жылына 12 миллион тонна жеміс-жидек пен көкөніс тұтынады. Сондықтан, арзан әрі сапалы, Қазақстаннан жеткізілген өнім бізге тиімді болмақ. Жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жер де бөліп отырмыз. Жұмыс тобы да құрылды. Кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалады.»
Мәскеу делегациясымен облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев және облыстық кәсіпкерлер палатасының жетекшісі, сондай-ақ, «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері де кездесті. Басқосудың қорытындысында екі өңір арасындағы тауар айналымын дамыту және көбейту туралы келісімге қол жеткізілді.
Сапарбек Тұяқбаев, ОҚО әкімнің орынбасары: «Біз бұл келісімді қолдап, көптеген жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсат — біздің экспортты ары қарай дамыту, біздің кәсіпкерлердің тауарларын сақтайтын қоймалар, тұрақтар салу. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=PTBYUJIk8U4[/youtube]
Келісімге дейін күнгей диқандарының бақша өнімі Мәскеу жәрмеңкесінде сатылған болатын. Осыған разы болған Мәскеу облысының басшылығы біздің кәсіпкерлерге арналған тұрақты сауда-логистика орталығының салынуына сол кезде-ақ келісім бергенін, ары қарай байланысты үзбейтінін жасырмады.