Асхат Нұрлыбаев: Бизнесте дос та, туыс та жоқ

685

Асхат Нұрлыбаев. Ол – кәсіпкер. 28 жаста. Бес бизнес-жобаның иесі. Бір қызығы – жобалары бір-біріне ұқсамайды. Бәріне ортақ бір нәрсе – қажетті құрал-жабдығы мен қажет заттары Қытайдан әкелінген. Себебі – біреу. Асхат Қытайда оқып, бизнес туралы білімді сонда алған. Кейіпкеріміз бизнесін қалай бастағаны, Қытай мемлекетімен сауда-саттық жасаудың қыр-сырын және қытайлықтармен саудаласқанда нені ескеру керегін айтып берді.

«Бүгінде табысты кәсіпкер атанған Асхат Нұрлыбаев кім?». Алғашқы сауалым осы болды. Асхат жай жымиып қана: «табысты емес, табысты болуды үйреніп жүрген кәсіпкер десеңіз дұрыс болар» деп бастады әңгімесін. Оның кәсібін дөңгелетіп, табысқа жетуінің басты құпиясы – қарапайым болмысында шығар деген ой келді. Ойымды Асхаттың жауабы бөліп жіберді.

«Сабақ оқығанды жаным сүймейді»
Асхат Нұрлыбай 1990 жылы Қостанайда дүниеге келген. Бірақ ата-анасы Шымкенттің тумасы және өзінің де балалық шағы Шымшаһарда өткен. Ол 2007 жылы осындағы Ө. Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-лицейін бітіреді. Сол кезде таныс дос-ағаларының көбі «Болашақ – Қытайда» деп сол елге оқуға аттанып жатқанын көріп, Аспан асты еліне барып, сонда білім алуға бел буады. Сөйтіп, Сиань қаласындағы Транспорт және коммуникация университетінің «Қытайтану» мамандығына оқуға түседі.
– Бір жыл қытай тілін үйреніп, кейінгі 4 жылында Қытай елінің тарихы, географиясы, мәдениетін оқыдым. Оқып жүргенде тек оқуға қатысты қиындық болды. Себебі, сабақ оқығанды жаным сүймейді, бірақ амалсыз диплом алу керек болған соң шыдап, көшіріп, оқыдым,-дейді Асхат.

Ол Қытайда жүріп, екі мемлекет жас-тары арасындағы айырмашылықты байқайды. Айтуынша, қытайлықтар ұйықтамайды, қыдырмайды, ынта-шынтасымен оқу оқып, білім алады. Еңбекқор.
– Біздікілер, тек біреудің көмегіне сеніп өмір сүреді. Ең алдымен ата-анасына, сосын көке-жездесіне сеніп, солай кете береді. Оқып-үйренуге деген қызығушылығы жоқ,-дейді Асхат.

Қытайда өткен 10 жыл


Асхат Қытайдағы оқуын аяқтап, елге келеді. Отанға оралғаннан кейінгі күндерін «Екі ай үйде дипломымды құшақтап жаттым, біраз көрімдік жинадым, көрімдіктің ақшасы біткен кезде әрекетке көштім» деп күліп еске алған Асхатқа әкесі жол билетін алып беріп, қолына аз-маз ақша ұстатады. Ол сосын қайтадан Қытайға, Гуанжоу қаласына кетеді.
«Еһ, қиындықтар сол кезде басталды ғой. Білетін таныстарымның үйінде ығыры шыққанға дейін жаттым. Жұмыс іздедім. Түрлі салада өз мүмкіндігімді сынап көрдім. Аудармашы да болдым, зат тасымалдап, зат алып-сатушы да болып жұмыс істедім. Алданып қалған кездерім де көп болды. Бизнесте дос, туыс жоқ екенін түсіндім. Сөйтіп жүргенде логистикалық компанияға жұмысқа алды. Біраз уақыттан кейін, Мәскеуге барып, біліктілігімді арттыру үшін оқып келдім. Сөйтіп, бұл саланы толығымен меңгердім. Осылай жүргенде тағы бес жыл өтіп кетіпті. Ата-анам хабарласып: «Елге оралмайсың ба, құрдастарыңның екі-үш баласы бар, қашан үйленесің?»деген сұрақтар қоя бастады. Ойланып қалдым. Сөйтіп, бесінші жылы «Шымкентке қайтсам немен айналысамын» деген сұраққа жауап іздедім. «Бір-екі жоба ойға келіп, сосын оралдым»

«Шымкенттіктерге кофе ішуді үйреттік»


Асхаттың ағасы және егіз қарындастары бар. Шымкентке келгеннен кейін әрдайым жанында болып, бастаған ісіне көмек берген – ағасы. Сөйтіп, Асхат алғашқы жобасын қолға алады. Ол -«Profootball» дүкені.

«Біз алғаш болып, сапалы әрі арзан бағадағы футбол атрибуттарын сататын дүкен аштық. Оған дейін Шымкентте мұндай дүкен болмады. Сондықтан шығар, нәтижесі жақсы болып, екінші жобаны бастадық. Оны «Procoffee» деп атадым. Яғни, кофе саттық. Басында артқы есігі ашылатын көлікте көше аралап жүріп, саттық. Көліктің өзі бір жыр болды. Тараздан сатып алдық. Ішін жабдықтау үшін Мәскеуге бардық. Жабдықтадық. «Не істейсің кофе сатып, күнгейліктер шай ішеді ғой» дегендер көп болды. Бірақ мен өз жобама сендім. Сөйтіп, кофе ішпейтін Шымкенттіктерге кофе ішуді үйреттік. Қазір жұмысқа кофе ішпей баратын адам жоқ шығар»

Саудасы жүріп, ақша жиналған соң, арнайы дүңгіршектер аша бастайды. Мұның бизнесіне қызығатындар пайда болып, жобаның франшизасын сатып жібереді. Кейін, бейнебақылау камераларын, киім, жиһаз сататын дүкендер ашады. «Sanlin» футбол академиясын құрады.
«Біз ашқан дүкендегі заттар неліктен тез сатылып, жақсы нәтиже береді дейсіз ғой? Өйткені біз сапаға көп көңіл береміз. Қытайда қандай тауар қайда сатылатынын жақсы білемін, таныстарым көп, сондықтан Қытайда жинаған тәжірибемді бизнесімде қолданамын. Қазір 15 шақты адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бұл – «Pro group» командасының бизнесі. «Pro» дегеніміз ағылшынша «professional» сөзінің қысқартылған нұсқасы. Яғни, халыққа сапалы, жоғары деңгейде өнім ұсыну мақсатында дүниеге келген атау болатын»

Қытайдан қандай тауар аламыз?


Асхаттың кәсібімен танысқан соң, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық жайында біраз сұрастырдық. Асхаттың айтуынша, Қытаймен бизнес жасаудың жалғыз әрі тиімді жолы – сауда-саттық.

«Қытайдан тауарды арзанға алып, екінші бір адамға қымбат бағаға сату арқылы шағын бизнестен үлкен бизнеске жетуге болады. «Қытай ең жақсы тауарларды өзіне алып, сапасыз дүниені экспортқа шығарады» дейтіндермен келіспеймін. Қазір аспанасты елі басқа мемлекеттерде дұрыс пікір қалыптастыруы үшін сапа жағынан абырой жинап жатыр. Қытайда кез келген тауар түрін табуға болады. Мысалы, сапалы электроника алғыңыз келсе–Шыңжаң, киім-кешек, жиһаз, үй заттары – Гуанжоу, қыстық заттар – Бейжің, ал өндіріс заттарын – Қытайдың солтүстігінен алуға болады. Ескертейін, Үрімші -төмен сападағы тауарларға арналған»

Асхаттың айтуынша, ішкі Қытайдағы сапалы тауар сатылатын қалаларға жету үшін міндетті түрде виза болу керек. Қазір, сол жағын қиындатып тастаған. Топтық виза дегенді қалдырған. Яғни тек бірнеше адамнан құралған топпен ғана бір күні кіріп, бір күні шығу керек. Жеке-жеке рұқсат етілмейді.
Қытайдың ішіне кірмей-ақ, жеке куәлікпен өтіп, шекарада-ақ сауда жасауға болады.
– Ол – «Қорғас» шекара маңы ынтамақтастық халықаралық орталығы» АҚ, біздің тілмен сол Қорғас базары ғой,-деген Асхат «Қорғас – нағыз қазақ әйелдеріне арналған жер» деп күлді.
Өйткені, қытайлықтар қазақ халқының салт-дәстүрінен хабары бар. Той-томалаққа тірлік жасайтынын біледі. Тойға қажетті дүниенің бәрін табуға болады. «Десе де мұндағы тауардың сапасы сәл-пәл төмен, бірақ бағасы қымбат болып келеді. Себебі саудагерлер іштен арзанға алып, үстіне ақша қосып сатады» дейді Асхат Нұрлыбаев.
Осы орайда Қорғасқа барып, тауар әкеліп жүрген саудагердің пікірін де сұрап көрдік.

Айсұлу Әшімова, саудагер:
«Қорғасты «базар» деуге келмейді. 8-9 қабатты сауда үйлері орналасқан. Барлық тауар түріне байланысты бөлек-бөлек орындарда сатылады. Кедендік бақылау аса қатты қиындық туғызбайды. Жеке куәлік арқылы өтуге болады. Ең бастысы, бақылаудан өтіп жатқан кезде сіз 1500 теңге шамасында ақша төлейсіз. Сізге чек береді. Сол қағазды жоғалтып алмау керек. Өйткені бақылаудан өткен соң, сауда орталықтарын аралап, сауда жасау үшін арнайы көлік қарастырылған. Чекті көрсетіп, тегін жүресіз. Саудагерлер өте ашық-жарқын. Затыңды ұстауға ыңғайлы етіп, қаптап, сол жерде таразыға салмағын өлшеп береді. Шекарадан кері өткенде тауарыңыз заң жүзінде көрсетілген салмақ пен бағадан асып кетсе, «жасыл дәліз» дегені бар, яғни қосымша ақша төлеп, қиындықсыз алып өтуге болады. Қазақстаннан Қорғасқа қатынайтын көлік көп. Бұл жағынан қиындық жоқ»

«Қытайдағы азық-түлік сапасы нашар»
«Қытайда тауарлар өздерінде жасалып, шығарылатындықтан бағасы әжептәуір арзан. Сондықтан болар қазақстандықтар пластмассадан бастап, жастық тысына дейін сатып алады. Тек азық-түлік емес. Өйткені Қытай тамақтарының дәмі де, нәрлілігі де біздікімен салыстырғанда өте нашар» дейді Асхат.

«Қытайға сауда жасауға барардан бұрын міндетті түрде кішігірім зерттеу жүргізіңіз. «Адамдар қайда барып тауар алып жатыр, қалай алып жатыр» деген сауалдар төңірегінде мәлімет жинаңыз. Әрине, бұл тұрғыдан қазақстандықтардың іші тар. Өз тәжірибемнен айтайын, біліп тұрса да, бір қазақ екінші қазаққа ешқашан толық, дұрыс ақпарат бермейді. Сонда да «үмітсіз шайтан» деп, бағыңызды сынап көріңіз. Қытайға барғаннан кейін, тіл білмесеңіз міндетті түрде тілмаш, аудармашы тауып алыңыз. Қытайда сауда жасауға арналған қалаларда аудармашы табу қиын емес. Оқып әрі аудармашы болып қосымша табыс табатын қазақстандық жастар көп. Сауда жасап жүргенде «Мені алдап кетеді, мынау үстіне ақша қосып тұр» деген қатып қалған оймен жүрмеу керек. Әсіресе, жамандағаным емес, шымкенттіктер сондай оймен келеді. Айтарым, тауардың бағасы сіздің көңіліңізден шықты ма, арадағы дәнекер қанша ақша қосқанымен басыңызды ауыртпаңыз. Егер сіз өзіңіз сатушыға алданып қалсаңыз сізді ешкім құтқармайды. Полицияға шағымданудан үміттенбеңіз. Өйткені қытайлықтың айтқаны әрдайым дұрыс болып шығады»

Қытайдан тауарды қалай жеткіземіз?
Асхат тауарды тасымалдау, жеткізу түрлеріне де тоқталды. Айтуынша, Қытайдың ішінде тауар тасымалдауда еркіндік берілген.

«Кімге? Қайда? Неге?» деп сұрақтың астына алмайды. Тауарды өзіңнің таңдауыңа қарай жүк көлігі, жүк тасымалдау ұшақтарымен шекараға дейін жеткізіп береді. Шекарадан өткізіп беретін де компаниялар бар. Мысалы ең сапалы тауарлар сатылатын Гуанжоуды алсақ, Гуанжоуда заттың барлығы бір жиналады. Кейін Бейжіңге жеткізіліп, Бейжіңнен Алматыға бірден келеді. Немесе Үрімшіге жіберіп, кейін Алматыға жеткізіп береді. Қытайда логистикалық компаниялар өте көп. Сондықтан бәсекелестік жоғары. Үйде отырып, интернеттен телефон нөмірлерін тауып, тапсырыс беруге болады. Логистикалық компанияның қызметкерлері сіз сұраған тауар бойынша зерттеу жүргізіп, қай жерде қандай түсі, қандай бағада, қандай сапада бар екені жайлы ақпар жинап, фотосуреттерін жібереді. Бұл үшін қосымша ақша алады. Сондай-ақ интернет-дүкендер арқылы тапсырыс беруге болады. Бұрындары интернет-дүкендерде алдап, ақша алған соң тауарды жеткізбейтін кездері болғаны рас. Қазір интернет-дүкендердің өз ішінде полициясы болдаы. Яғни, тұтынушы сондай жағдайлардың біріне тап болып, оқиғасын полицияға мәтін арқылы жіберсе, дәлелденген соң, дүкенге үлкен сомада айыппұл салынып, дүкен сайтын бұғаттап тастайды. Сондықтан, қазір интерент-дүкендер дұрыс жұмыс істейді. »

Бүгінде Қытайдың интернет-дүкендері арқылы тауарға тапсырыс беретін тұтынушылар көбейді.

Алмас, Нахыпбек, интернет-дүкен қолданушысы:
– Aliexpress, Letyshops, Ummastore, Ebay.com, Flip.kz сияқты интернет дүкендерін жиі пайдаланамын. Өйткені сонда сатылатын кейбір заттар бізде болмай қалады әрі бағасы арзан. Мысалы интернет дүкендерде ерекше мерекелер қарсаңында үлкен-үлкен науқандар жүреді, әсіресе Қытай халқының мерекелерінде затты судай тегін алуға болады. Тек үнемі кіріп, сол күндерді бақылап отыру керек. Төлемді әрдайым алдын ала жасайтын болғандықтан қорқыныш сезімі болады, әрине. Бірақ осы кезге дейін алданбадым, тек тауарым келмей қалған кездер болды. Егер дер кезінде әрекет етсең, ақшаңды қайтарып алуға болады. Тауарды үйге дейін жеткізіп бермейді, поштадан ғана ала аласыз.

Алданып қалмаудың амалы
Асхаттың сөзінен білгеніміз, егер көп көлемде тауар алатын болсаңыз, өзіңіз барып, көріп, қолыңызбен ұстап, сосын алған дұрыс.

«Өйткені Қытай саудагерлерінің бір кемшілігі – 10 қара түсті жейдеге тапсырыс берсеңіз, бір-екеуі міндетті түрде ақ болып шығады. Кейіннен «неге бұлай болды» деп сұрасаңыз, «қара түстісі бітіп қалыпты» дей салады. Олар тұтынушының тұрақты болуын басты назарға қоймайды. Өйткені күн сайын мыңдаған сатып алушы келеді. Сондықтан хабарласып, тапсырыс бергенде «иә, бар» деп қабылдап алып, ақшаңызды алғаннан соң, сізге қайта хабарласып, «ондай тауар қалмапты» деп, орнына өзінің сатқысы келіп тұрған тауарын тықпалап жібереді. Сіз ақшаңызды кері қайтара алмайтын болған соң, амалсыз саудагердің айтқан тауарын алуға мәжбүр боласыз. Алдын ала «уәде беремін, сөзімде тұрамын» деген қолхат алсаңыз да сондай оқиғаға тап келетініңізге күмәніңіз болмасын. Басы-қасында жүрген дұрыс. Осындай кемшіліктерді ескермегенде, саудамен айналысу үшін Қытайдың беріп тұрған мүмкіндігін пайдаланған дұрыс»

Асхат Нұрлыбаевтың алға қойған мақсаты нық. «10 жыл жырақты жүрдім, енді Шымкенттен қуса да кетпеймін» дейтін ол шымкенттік жастардың табысты кәсіпкер атануына көмектесіп, білгенін үйреткісі келеді.
«Міндетті түрде бизнес-идея, бизнес-жоспар болуы шарт емес. Бастысы, амбиция және сенім. Басқаның көмегіне, әсіресе мемлекетке алақан жайып отыруға болмайды. Себебі бізде кәсіпкерліктің дамуына атсалысып, оған жаны ашитын адам жоқ. Мысалы көмек сұрап, несие алуға барсаңыз, сізден бірталай құжаттың тізімін сұрап, қайта-қайта келуге мәжбүрлейді. Қажет құжаттарын жинағанның өзінде несие беру-бермеуі екіталай. Бәрін жинағанша, жоспарлаған идеяңыз актуалды болмай қалады. Олар тек бас қалаға есеп беру үшін ғана жұмыс істейді»

Соңында «тренингтен тренингке баруды доғарыңыз, солай жүре берсеңіз, кім кәсіппен айналысады» деп әңгімесін аяқтады.

Әлия ӘДІЛБЕК