Сауран мұнаралары тербеледі

Орта ғасырларда гүлденудің жоғары деңгейіне жетіп, күллі Шығыс жеріне танымал болған Сауранның қазіргі қоғамды қызықтырарлықтай не әлеуеті бар? Туристерді, жұртшылықты тарта аларлықтай нендей ерекшелігі бар? Осы сұрақтардың жауабын білмекке, Ерболат Смағұловпен бірге Сауран қаласына аттандық

Газетіміздің өткен сандарында Түркістан жеріндегі «Күлтөбе» сәулет кешені туралы жазған болатынбыз. Соның жалғасы ретінде Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесінен 40 шақырым қашықтықта орналасқан Сауран қаласы туралы айтпақпыз. Орта ғасырларда гүлденудің жоғары деңгейіне жетіп, күллі Шығыс жеріне танымал болған Сауранның қазіргі қоғамды қызықтырарлықтай не әлеуеті бар? Туристерді, жұртшылықты тарта аларлықтай нендей ерекшелігі бар? Осы сұрақтардың жауабын білмекке, Ерболат Смағұловпен бірге Сауран қаласына аттандық. Ташкент — Орынбор күрежолынан бір шақырымға жетер жетпес қашықтықта жатқан тарихи қаланың бекініс қорғандары алыстан мұнартады. Елітеді. Алаң көңілге «Бұ не?» деген сауал тастап кете барады. Білмекке құмартқан жолаушы үлкен жолдан бұрылып, қорғанға апаратын кіші жолға түседі. Сауранның гүлдену дәуірінде Тұран жерімен жөңкіген керуеннің қай-қайсысы да Сауранға соқпай өтпейтін. Заманында даңқы дүрілдеген қаланың бірте-бірте маңызын жоғалтып, қаңырап қалуына не себеп деген сұрақ туындайды. Ерболат Смағұловтың айтуынша, Түркістан қаласымен жақын орналасуы Сауранның өз дамуында кері кетуіне себеп болған. Түркістан маңындағы қала-қорғандары да өмір сүрген жұртшылық Түркістандағы Яссауи кесенесіне ағылған. Бұл да өз кезегінде Сауранның әлсіреуіне алып келді. Әйтсе де, қаланың мықты қабырғалары сақталып қалды.

Орта ғасырларда гүлденудің жоғары деңгейіне жетіп, күллі Шығыс жеріне танымал болған Сауранның қазіргі қоғамды қызықтырарлықтай не әлеуеті бар? Туристерді, жұртшылықты тарта аларлықтай нендей ерекшелігі бар? Осы сұрақтардың жауабын білмекке, Ерболат Смағұловпен бірге Сауран қаласына аттандық
Орта ғасырларда гүлденудің жоғары деңгейіне жетіп, күллі Шығыс жеріне танымал болған Сауранның қазіргі қоғамды қызықтырарлықтай не әлеуеті бар? Туристерді, жұртшылықты тарта аларлықтай нендей ерекшелігі бар? Осы сұрақтардың жауабын білмекке, Ерболат Смағұловпен бірге Сауран қаласына аттандық

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары қамалдың үстімен аттылы 3-4 адам қатарласа жүретін еді, – дейді көзкөргендер. Өз заманында мығым қамал болған қала қорғанынның қазіргі таңда мүжілген бөліктері ғана қалған. Әйтсе де көне тарихтың, өткеннің табы сезіледі.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сау-ранда археологиялық қазба мен реставрациялық жұмыстар жүргізуге қаржы бөлінді. Кіреберіс есікке өтетін көпір салынды. Орталық алаңға апаратын көшенің орны аршылып, қалпына келтірілді.

Сауран – дала мен қаланың, көшпенділер мәдениеті мен отырықшы халықтардың арасында сауда көпір рөлін атқарған қала. Бұл қаланың берік бекіністері оңтүстіктен келген жаудан солтүстіктің басқыншыларынан да қорғаған. Сондай-ақ, Сауран – тек сауда орны ғана емес, данышпандар мен ойшылдардың оқу-білімнің ордасы ретінде аты жайылған. XIV ғасырда мұнда медресе тұрғызылған. Бірінші медресе – XV ғасырдың соңына дейін шәкірт дайындаған. Содан XV ғасырдың соңында тағы бір жаңа медресе бой көтерген. Бұрынғы медресенің қарсы бетіне орын тепкен діни – ағарту мектебі «Байдулла ханның медресесі» деп аталып кеткен. Қазба жұмыстарының жоспары сол қос медресені бірнеше ғасырлық топырақ астынан шығару болды. Бұл жоспар орындалды. Жалпы осы екі медресенің орнын аршуға 5 жылдай уақыт жұмсалған.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сау-ранда археологиялық қазба мен реставрациялық жұмыстар жүргізуге қаржы бөлінді
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сау-ранда археологиялық қазба мен реставрациялық жұмыстар жүргізуге қаржы бөлінді

Ерболат Смағұловтың айтуынша, XIV ғасырда тұрғызылған медресенің архитектуралық құрылымы ерекше. Өйткені, ғимараттың солтүстік жақтағы қабырғасы әдеттен тыс түзілген. Негізі, мұсылман елдеріндегі құрылыстар шаршы, не тіктөртбұрыш пішіндес боп келеді. Ал, бұл медресенің бір жағы доға түрінде салынған. Неге бұлай болғаны ғалымдарды қызықтырып отыр. Доға жасаған қабырғаның қайда баратыны әзірге белгісіз. Ол қабырғаны бойлай қазба жұмыстары жүргізілмеген. 5-6 ғасырлық жабынды топырақтың астында қалып отыр. Қазба жұмыстарын жүргізейін десе, қабырға белгіленген аумақтан тысқары кеткен. Қазір мұнда реставраторлар ортағасырлық жәдігердің бар кейпін жеткізе білу үшін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Саурандағы медресенің тағы бір өзгешелігі, кейіннен тұрғызылған Байдулла хан медресесінің қос мұнарасы болған. Мұсылман елдері құрылыстарында мұнараның болуы әдепкі жайт. Алайда, мұндағы медресенің мұнарасы — сіз бен біз көріп жүрген мұнараларға ұқсамайды. Тербелмелі мұнара. Тербелмелі мұнара деген тіркес түсініксіз болуы мүмкін. Бұл ғалымдар мен археологтарға да түсініксіз күйде қалып отыр. Бірақ, ортағасырлық жазба деректерінде мұнараның теңселіп тұрғанын таңдана жазған сипаттамалар келтірілген. Сөзіміз дәлелді болу үшін, Зейнаддин Васифидің еңбегіндегі мына сөйлемдерді келтірсек. Васифи өз жазбасында Сауранның сәулеттік құрылымдары туралы: Сау-ран медресесінің тербеліп тұратын мұнараларын әлемнің кереметіне балауға болады. Қала мен оның маңындағы жұртшылықты ауыз сумен қамтамасыз еткен кәріз жүйелерінің үлкендігі таң қалдырады. Кірпіштен өрілген, салмағы ауыр мұнара тербеліп тұрған. Құлап кетпей, теңселіп, көрген жанды таң-тамаша еткен. Сол уақыттағы сәулетшілер нендей инженерлік әдістерді пайдаланғаны ғылымға белгісіз күйде қалып отыр.

Сауран – тек сауда орны  ғана емес, данышпандар мен ойшылдардың оқу-білімнің ордасы ретінде аты жайылған. XIV ғасырда мұнда медресе тұрғызылған. Бірінші медресе – XV ғасырдың соңына дейін шәкірт дайындаған
Сауран – тек сауда орны ғана емес, данышпандар мен ойшылдардың оқу-білімнің ордасы ретінде аты жайылған. XIV ғасырда мұнда медресе тұрғызылған. Бірінші медресе – XV ғасырдың соңына дейін шәкірт дайындаған

Сауранның бірегейлігі — оның тұтас сақталуында жатыр. Қазақстан аумағында мұншалық жақсы сақталған ортағасырлық қала жоқ. Сауранның қалың қорғандары әлі күнге дейін жетіп отыр. Медресенің күйген кірпіштен қаланған қабырғалары сол қалпында сақталған. Мұндай тұтастық — сирек кездеседі. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын медресе бөлмелерін араладық. Табалдырықтарынан аттай бергенде баспалдақ басқыштарының басыла-басыла әбден жылтырап кеткені көзге түсті. Серігіміз екеуміздің үңіле қалғанымызды байқаған Ерболат Смағұлов: «Иә, сіздер орта ғасырда тұрғызылған осындай оқу ордасының сол кездегі құрылысшылардың қолымен күйген кірпіштен қаланған баспалдақтарын басып тұрсыздар. Шәкірттердің табаны тигендіктен қырлы бұрыштары мүжілген. Біз абайлап аршып, сол күйінде қалдырдық», – деді. Осылайша, орта ғасырда білім мен ілімнің нұрын шашқан медресенің бұзылмаған табалдырықтарын бастық. XXI ғасырдан өмір сүргенмен, XIV-XV ғасырда жүргендей әсерде қалдық.

Ол, ол ма? Одан бөлек, сонау орта ғасырда қойылған арканың астынан да өттік. Бізді тарихтың осындай ғажайып белдеулері бойымен алып жүрген археолог-ғалымның айтуынша, бұл арка – Қазақстан жеріндегі тұтастай сақталып, қирап қалмай, осы күнге жеткен жалғыз арка. Біздің көргендеріміз, Сауранның кішкене бөлігі ғана. Әзірге аршылғаны осы. Тек Сауранның ғана емес, орта ғасырлардағы тұрмыс-тіршіліктің қандай болғанынан хабар беретін қаншама дерек топырақ астында үнсіз, мүлгіп ғана жатыр.

«Мәдени мұра» бағдарламасының Сауранда зерттеу жұмыстарын жүргізудегі түпкі мақсат – қала орнын ғылыми дерекқорға айналдыру және осы арқылы туристтерді тарту болды
«Мәдени мұра» бағдарламасының Сауранда зерттеу жұмыстарын жүргізудегі түпкі мақсат – қала орнын ғылыми дерекқорға айналдыру және осы арқылы туристтерді тарту болды

Сауран жұртшылығының өмірі тек қамал-бекіністің ішінде ғана болмаған. Қаланың сырты да өзінің әдемілігімен көрген көзді қуантқан. Бұл туралы Ибн-Рузбиханның «Бұхар қонағының жазбалары» атты кітабында: «Қала – жазық жерде тұрғызылған. Ауасы жанға жайлы. Сергітеді. Қала маңында жабайы ешкілер жайылып жүреді. Айнала да әдемі ағаштар өсіп тұр. Қала – биік, мығым қабырғалармен қоршалған» деп жазады.

«Мәдени мұра» бағдарламасының Сауранда зерттеу жұмыстарын жүргізудегі түпкі мақсат – қала орнын ғылыми дерекқорға айналдыру және осы арқылы туристтерді тарту болды. Қазір қала маңынан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік дәлізі жүргізілген. Ерсілі-қарсылы жүйткіген көлік ішінен тақыр дала үстіндегі қамалдар менмұндалап көрінеді. Шақырады.

Жәнібек НҰРЫШ