Саз колледжі 55 жылдық мерейтойын тойлады

1535
Жас әншілер ән салды

 Биыл Оңтүстік Қазақстан саз колледжіне — 55 жыл. Айтулы датаны арнаулы оқу орнының ұжымы мен студенттері облыстық опера және балет театрында тойлады. Мерейтойға колледждің бүгінде танымал түлектері арнайы келіпті. Айта кетейік, құрылғанына жарты ғасырдан асқан колледжде ҚР Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Лаки Кесоғлу, Бауыржан Исаев, Жалғасбек Бегендіков сынды мәдениет майталмандары білім алған.

Оркестрде күй орындалды
Оркестр Қазақтың халық күйін орындауға дайын 

 Колледж ұжымы мерейтойдың шымылдығын халық аспаптарының күйімен ашуды жөн көріпті. Себебі, оқу орнында терең тыныста, кең толқында ән айтуды ғана емес, түрлі музыкалық аспаптарда да шебер ойнауды оқытады.

Оркестрдің мүшелері - саз колледжінің студенттері
Оркестрдің мүшелері — саз колледжінің студенттері 

 Айтулы тойда осы білім ордасын тәмамдап қана қоймай, енді өздері ұстазға айналған өнер иелері де шарықтата ән салды. Тура осы сахнада колледж шаңырағында құрылған жаңа өнер ұжымының тұсауы кесілді.

жаңа дуэттің тұсауы кесілді
жаңа дуэттің тұсауы кесілді

 Балнұр Жаппарова, әнші: «Біз осы колледжде білім алдық. Ұстаздарыма рахмет! Енді саз колледжінің ұстазымын, опера және балет театрының әншісімін. Қуаныштымыз, бүгінгі тойға әнімізді сыйға тарттық.»

 Дархан Жұмаев, әнші: «Осы ұстаздарымның берген білімінің арқасында өнерге үлесімізді қосып жүрміз. Қызмет атқарып, колледжіміздің үмітін ақтауға тырысамыз. Балнұр екеуміздің дуэт болып құрылғанымызға көп уақыт өткен жоқ, бүгін бірінші рет осы кеште алғашқы әніміздің тұсауы кесілді. Колледж ұжымын шын жүрекпен мерейтойымен құттықтаймыз! Шәкірттері биіктен көріне берсін деп тілеймін.»

Кешке келген көрерменнің қарасы қалың болды
Кешке келген көрерменнің қарасы қалың болды

 ҚР Халық әртісі Лаки Кесоғлу-  оқу орнынның алғашқы түлегінің бірі. Өнер ұясынан түлеп ұшқанына жарты ғасыр болған танымал әнші әліге дейін саз колледжінің ұжымына алғысын айта жүреді.

 Лаки Кесоғлу, ҚР Халық әртісі: «Менің саз колледжінің ұжымына айтар алғысым шексіз. Себебі, дәл осы колледж педагогтарының демеуімен ғана мен өнердегі алғашқы баспалдақтардан өттім, жетістіктерге жеттім. Сондықтан осы оқу орнының шәкірттері еңбек етуді ұмытпауы керек. Себебі алған білімдерін ақтауы маңызды.»

Жас әншілер ән салды
Жас әншілер де ән салды

55 жылдың тарихында колледжді 7000-ға жуық өнерпаз тәмамдады. Әлем сахнасында шырқап жүрген Нұржамал Үсенбаева, әнші Бауыржан Исаев, Жалғасбек Бегендіков сынды мәдениет майталмандары осында білім алған.

 Айгүл Бекенова, облыстық саз колледжі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Бүгінгі кешке колледждің түлектері келіп, өнер көрсетіп жатыр. Қазіргі уақытта оқу орны саз саласының 10 факультеті бойынша білім береді. Және де біздің шәкірттер республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдесіз қайтқан емес.»

Кеш аяқталғанша өнерсүйерқауым тапжылмай тамашалады
Өнерсүйер қауым мерейтойлық кешті тамашалауда

 Колледждің мақтанышына айналған шәкірттері де мерейтойға ән-тартуын сыйлады. Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облыстық саз колледжінде 400-ге тарта студент білім алып жүр. Оқу орнының ұжымы жуырда өтетін республикалық жас орындаушылар байқауынан жеңіспен оралатындарына сенеді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=IhprFyD9kOQ[/youtube]