Шымкентте граната алып жүрген сарбаз ұсталды

322

Шымкент қаласының тәртіп сақшылары көшеде жарылғыш затын алып жүрген әскери қызметкерді тұтқындады. 2013 жылдың 9-желтоқсаны күні Әл Фараби полиция бөлімінің кезекші бөліміне облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының қызметкері хабарласқан. Полиция майорының айтуынша, Жангельдин көшесінің бойындағы үйлердің ауласында, гараждың қасында сезікті адамдар тұр екен.

011

Оқиға орнына жол-патрульдік полициясының бірнеше автоэкипаж мүшелері шұғыл аттанады. Олар облыстық ішкі істер департаментіне қарасы шұғыл басқару орталығының бейнекамераларының көмегімен үш жігітті ұстады. Олар 27, 20 және 18 жасар Шымкент қаласының тұрғыны болып шыққан. Полиция қызметкерлері сұрау барысында сезіктілердің бірі — 27 жастағы жерлесіміздің қаладағы әскери бөлімдердің бірінің қызметкері, танк взводының командирі, аға лейтенант дәрежесіндегі жауынгер екенін анықтады.

Тәртіп сақшылары күдіктілердің үсті-басын тінту барысында әскери қызметкердің спорттық сөмкесінен «УЗРГМ» маркалы граната, медициналық бетперде және қолғап тауып алды. Оның айтуынша, гранатаны сөмкесіне бұрын салғанын, содан кейін ұмытып қалған көрінеді.

Мәселенің мән-жайын толық анықтау үшін құқық қорғаушылар ұсталғандарды және айғақты заттарды Оңтүстік Қазақстан облысының әскери-тергеу басқармасына жеткізді. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылуда.