Тағы да бір әскери қызметкер көз жұмды

108

Тағы да әскери қызметкер қаза болды. Осыдан бір апта бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің офицері қызметте жүріп көз жұмды. 32 жастағы Азат Үмбетұлы Қордай ауданындағы шекара горнизонында қыршынан қиылған.

Оның анасы мен әйелі марқұмның кісі қолынан қаза тапқанын айтады. Сөздерінше, Азат «Өтеген» әскери заставасына тексеру жүргізіп жатқан кезде сол жердің бастығымен келіспей қалған. Екеуі бірнеше рет ерегісіп те қалған екен.

Ботагөз Үмбет, марқұмның әйелі: «Кемшілік тауып жүрген. Бір рет ескерткен, екі рет ескерткен. Үшіншісінде мен арыз жазам бастыққа не жазам деген кезде. Жолдасымды ұрған бала көре алмаған, кеше келіп сен кімсің? Бір рет ерегіскен қасындағы балалар ажыратқан, екі рет не істеген кезде баспалдақтан түсіп бара жатқан кезде артынан келіп ұрған ғой мойнынан. Қатты затпен ол қолмен ұруы мүмкін емес. Содан баспалдақтан қатты құлаған, содан құлап бір орыннан тұрып, бір сөйлеп қайтадан құлаған».

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі: «2022 жылдың 27 шілдесінде ҰҚК ШҚ Жамбыл облысы бойынша департаментінің офицері Азат Үмбетұлы Қордай аудандық орталық ауруханасында қайтыс болды. Өлімнің алдын ала себебі миға қан кетуімен байланысты екені анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде».

Азат Үмбетұлының артында үш қызы мен аяғы ауыр келіншегі қалды. Марқұм қаза боларынан бір күн бұрын жұбайымен отасқандарына 7 жыл болған екен. Ал, ұрып өлтірді деген адамның жақындары келіп, кешірім беруді өтініпті. Алайда, марқұмның жақындары істің әділ шешілгенін қалайды.

 Гүлдана Дәурен