Ескі дүкеннің ғимаратында емделіп, бала бағушыға зәру болған теріскейлік тұрғындардың мәселесі шешілді. Тәуелсіздік мерекесіне орай Созақ ауданында жаңа балабақша мен медициналық бекеттер пайдалануға берілді. Бұл нысандардың құрылысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асып отыр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=LMDgl40fODM[/youtube]
Аудан орталығына шалғай орналасқан Тайқоңыр елдімекеніндегі 80 орындық «Арай» балабақшасының салынуына «Волковгеология» АҚ демеуші болып отыр. Мұндағы тұрғындардың басым көпшілігі өндіріс орындарында жұмыс жасайтындықтан, бұған дейін үйдегі балаларға қарайтын күтушіні өз ақшаларына жалдап келген.
Айман Байдүйсенова, Тайқоңыр ауылының тұрғыны: «Бұрын жұмысқа кетер кезде кішкентайларымызды қайда тастарымызды білмей, дал болатынбыз. Сондықтан қазіргі біздің қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Енді біздің балаларымыз да балабақшаға барып, өзге балалармен ойнап, сауаты ашылатын болды. Бұл біз үшін үлкен қуаныш!»
Жаңа балабақшаның құрылысына қазынадан 260 миллион теңге жұмсалыпты. Бұл — кәсіпорынның тұрғындар үшін жасап отырған әлеуметтік қолдауы. Мектепке дейінгі тәрбие орнына қазір жетпіс бала келіп жүр. Сонымен қатар жиырмаға жуық жұмыс орны да ашылды.
Аманғали Аймұрзаев, Созақ ауданының әкімі: «ҚҰрылысшылар жұмысты өте сапалы жүргізген. Мердігер компанияға рахмет! Бұған қоса жылдың аяғына дейін ауданымызда 3 балабақшаны ашып, қосқалы отырмыз. Ауданда келесі жылы 4 балабақша салыну жоспарланған.»
Тәуелсіздік күні қарсаңында Саржаз елдімекенінің тұрғындары үшін медициналық тірек пайдалануға берілді. Бұл уақытқа дейін ауылдағылар 1982 жылы салынған ескі дүкенің ғимаратына ем қабылдаушы еді.
Ертай Естанұлы, Қаратау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Біздің Саржазға да мынадай медициналық ғимарат берілді. Расында, Тәуелсіздік мерекесі аясында мекеме қолданысқа беріледі дегенде, алғашында сенген де жоқпыз. Енді күтпеген сый болды бұл біз үшін. Ең бастысы бұл халыққа жасалған жағдай деп білеміз.»
Бұға қоса Қарабұлақ елдімекенінің тұрғындары енді аудан орталығындағы емханаға сандалмайтын болды. Осындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт халық үшін қызмет етуге әзір.