Өңірлердің тыныс-тіршілігімен танысуды мақсат еткен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары ел аралап жүр. Депутат Оразкүл Асанғазықызы Шымкент қаласы ОҚМФА-да болды. Халықтың тыныс-тіршілігімен танысу үшін Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларына барды. Биліктегілермен ғана емес, ауыл тұрғындарымен, қарапайым халықпен кездесуге де уақыт тапты.
– Оразкүл Асанғазықызы, бізге дейін Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында болыпсыз. Айтыңызшы, ел алдымен қандай сауалды алға тартады?
– Халықтың алдымен сұрайтыны — жол мен ауызсу. Бұл түсінікті де. Себебі, қарапайым халыққа ең алдымен күнделікті тұрмысының ең басты қажеттіліктерін шешу қажет. Менің ойымша, ХХІ ғасырда халық сұраған осындай қажеттіліктер өз орнымен және тез арада шешілгені жөн.
– Оңтүстікте де ме?
– Қайда барсам да, осы сауал алдымнан шығады. Ал Оңтүстіктің проб-лемаларымен өздеріңіз де білесіздер, мен бұрыннан таныспын. Соның ішінде, әсіресе, өңірде дәрігерлердің жетіспеушілігі қынжылтады. Халқының саны көп, тығыз орналасқан өлкеде дәрігер маманның тапшылығы қиындық туғызатыны айдан анық. Әсіресе, балалар дәрігерінің аздығы, ана денсаулығына жауапты мамандық иелерінің жетіспеушілігі ойлантады. Естеріңізде болса, дәрігерлер дайындап жүрген оқу орны кезінде үлкен сынға ұшырап, жабылды. Бәлкім осының да салқыны тиіп жатқан болар. Сол оқу орнының бүгінгі жайы қандай? Жетістік бар ма? Сыннан кейінгі бет алысы қандай деген ой мазалағандықтан, әдейі сұранып келіп таныстым. Жетістіктері жетерлік. Сын түзелген. Елбасының сынынан кейін үлкен қорытынды жасаған. Енді қайтадан дәрігерлер дайындайтын факультет ашылса деп отыр.
– Негізінде, Оңтүстікті сынайтындар көбейіп кетті. Оның үстіне көпшілігі келіп көрместен, мәселенің мәнісіне бармастан, Астанада отырып алып, айта салатыны да жоқ емес. Осындай жөнсіз сынға не дер едіңіз?
– Сын орынды болса, оны мойындай білу керек. Көптің ортасында бәрі де болады. Жақсы да, жаман да қатар жүреді. Кей облыстардың, халық саны жөнінен алғанда үшеуін қоссаң, бір Оңтүстік Қазақстан шығатыны рас. Содан да болса керек, бұл өңірде әлеуметтік мәселе жиі бас көтеріп жататыны бар. Дегенмен, жақсы жағын көрсете білу журналистер, сіздердің де қолдарыңызда ғой. Жақсылығын жиі айтсаңыздар, облыс жақсы жағынан көрінеді. Ал, жалпы алғанда, Оңтүстікті көрмеген адамдар теріс пікір айтатыны рас. Оңтүстікте тұру деген сөз – таң атқаннан кешке дейін еңбектену деген сөз. Оңтүстікте таң сағат 4-те атады. Күн кешкі 10-да батады. Осы аралықта қыбырлап еңбек етіп жүрген адамды қалай жаман деуге болады? Мысалы, біз өсіретін дақылдың барлығы орасан еңбекті талап етеді. Бір ғана жүзімнің өзі қалай өседі? Мақтаны айтыңызшы, оны өсірген адамның тұла бойы тек еңбек етуге бейімделуі керек. Еңбекқорлығының арқасында Оңтүстіктің өзгелерден шоқтығы биік. Таң атқаннан қара кешке дейін еңбек етіп жатқандарды қалай жамандауға болады? Жалпы ана өңір былай екен, мына өңір былай екен дегенді қоятын уақыт жетті. Бәрі де бір қазақтың баласы, Отан ортақ, ендеше тағдыр ортақ. Ұлы Абайдың: «Біріңді қазақ, біріңді дос көрмесең, істің бәрі бос» деген даналығы тәуелсіздігін енді алып, мемлекетін нығайтып жатқан қазақ баласының басты ұраны болуға тиіс.
Оразкүл АСАНҒАЗЫ – 1952 жылы 22 ақпанда Жамбыл облысы Шу ауданында туған.
1973 жылы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны үздік бітірген.
Еңбек жолын 1973 жылы Шымкент облысы Сарыағаш ауданы Жамбыл атындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастаған.
1992-1993 жж. — Сарыағаш ауданының әкімі.
1993-1995 жж. — Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.
1995-1996 жж. — Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі.
1997 ж. — Шымкент қаласы әкімінің орынбасары.
1998-2006 жж. — Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары.
2006-2012 жж. — Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы.
2012 жылғы қаңтардан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі.
Оразкүл Асанғазықызы еліне елеулі, халқына қалаулы келін, аяулы жар, ардақты ана,сүйікті әже.
– Сіздің есіміңіз аталғанда, ел алдымен, тіл жанашыры, ұлттық рухты ту етіп ұстанушы азамат ретінде таниды. Жасырып қайтеміз, Астананың қазақылануына да өзіңіз көп еңбек сіңірдіңіз. «Алматы емес Алма-Ата» болуы керек деп бас-тама көтергендерге қаратып, «отаршылдық идеологияның баяғыда кеткенін сезіну қажет» деп пікір білдіргеніңізді де жақсы білеміз. Дегенмен де мемлекеттік тілдің әлі де болса қоғамда қағажу көріп қалатын тұстары аз кездеспейді.
– Бұл күнімізге де шүкір деген орынды. Егемендік алған кезде ана тіліміздің ахуалы өте-мөте мүшкіл еді ғой. Тәуелсіздікке дейінгі жылдарды еске түсірсек, биліктегі қазақ азаматтарының бәрі балаларын орыс мектебіне беріп, орысша оқытты. Міне, дәл сол кезең қазақ деген ұлттың басына шын қауіптің төнген кезі еді. Тіпті телеарналарымыздан тек жаңалықтарды ғана қазақ тілінде көруші едік. Қалған бағдарламаның барлығы орыс тілінде болушы еді. Құдайға шүкір, қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдары да, бағдарламалар да көбейді. Мұның бәрін көре білу керек. Бұл, әрине, ең біріншіден, Алланың, екіншіден, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдау білдіріп, салиқалы саясат жүргізуінің арқасында қол жеткізіп отырған үлкен байлығымыз. Сол байлықтан айырылып қалмас үшін, ұдайы ұлттық рухты оятып, елдің санасын байытып отырған абзал. Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» десе, Алаштың тағы бір қайраткері Ғұмар Қараш «Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз» деген болатын. Біздің мақсат – осы қарқынды жоғалтпай, бетімізден қайтпай, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту.
Елбасымыздың «2020 жылға қарай әрбір қазақстандық қазақша сөйлей білуі қажет» дегені жүзеге асатын күн алыс емес. Мен оған сенемін. Себебі, өз тілін құрметтейтін ұлт барда, оны мәңгілік ететін ел барда бұл белесті де аларымыз анық. Тек, ұрпақ тәрбиесінде осыны ұмытпаған абзал.
– Сол сенім артқан бүгінгі ұрпақтың әлемдік деңгейде тек ағылшын тілі ғана қажет дегенді ұстанып бара жатқанын білесіз бе?
– Міне, осыдан сақтануымыз керек. Ал, жалпы «қазақтардың барлығы өз тілін ұмытып, ағылшын тіліне ауып кетті» дегенмен келісе алмаймын. Қазақ тілі керек емес дейтін бірді-екілі азаматтың пікірі бүкіл елдің пікірі емес. Мемлекеттің мықты болуы – отбасының берік болуына байланысты. Олай болса, отбасында тәрбие қазақша болмай, қазақ тілінде өрбімей, көсегеміз көгермейді. Тілдің құдіретін, қасиетін алдымен отбасында балаға мойындатып, үйретуіміз керек. Несін жасырамыз, тіліміздің оңалмай жатуына өз азаматтарымыздың немкеттілігі, селқостығы өз үлесін қосып отырған жоқ па?! Кез келген қазақ азаматы қазақ тілін қор қылған жазуды көрсек, сол мекемені сотқа беріп, намысымызды таптағаны үшін айыппұл талап етіп, заңды құқымызды қорғайтын болсақ, нәтиже шыққан болар еді. Көшедегі қате сөздерді түзеп қана қоймай, ұлттық рухымызды биіктетіп, мемлекеттік тілімізді аспандатқан болар едік. Бірақ, өкінішке қарай, көбіне қол сілтеп, көріп тұрған қатені байқамағансып кететін әдетіміздің кесірі де тиіп жатыр. Қате жазылған сөзді, маңдайшаны көрсек, алдымен сол мекеменің иесіне ескертіп, құлақ аспаса, «Менің ана тілімді қорлады, ар-намысым тапталды, «Тіл туралы заңның» 19, 21 баптары бұзылды» деп сотқа беруді қалыптастыру қажет. Туған тіліміздің тағдырына алаңдау – әрбіріміздің азаматтық парызымыз болу керек.
– Тіл мәселесіне келгенде болашақта латын әліпбиіне көшу мақсатымыз да ойға бірден оралатыны бар. Бұл мәселеде көпшілік екі майданға бөлініп алғандай. Әсіресе, қарсы болушылар «жоғалтып алатынымыз көп» дегенді алға тартады. Сіз не дер едіңіз?
– Өз басым латын әліпбиіне көшуді толық қолдаймын. Бізге латын әліпбиі таңсық емес. Латыннан кириллицаға көшкеніміз кеше ғана қырықыншы жылдар емес пе? Олай болса, ата-бабамыздың мол мұрасы, жазғаны, сызғаны кезінде латын әліпбиімен жазылды ғой. Болашақты болжай білген абзал. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтып отырмыз. Ал сол мемлекеттердің барлығы дерлік латын әліпбиін қолданады. Сондықтан, біз қорықпауымыз керек, алаңдаудың да қажеті жоқ. Оның үстіне қазіргі жастардың көбі, менің білуімше, латынша қаріпте тез жазып, тез оқи алады. Қайта біз жасы үлкен азаматтар қиналуымыз мүмкін, ал жастар қиналмайды. Болашағымыз сол бүгінгі жастардың қолында. Ал бізге үйрететін арнайы курстар ашылса, жетіп жатыр емес пе?! Үйреніп аламыз оны да. Кириллицамен жазылған кітаптарды компьютер арқылы бір әріптен екінші әріпке (транслитерация) көшіретін бағдарлама жасалды. «Егемен Қазақстан» газеті шетелдегі қандастарға латын қарпімен осы тәсіл арқылы таратылады.
– Жақында Сіздің қатысуыңызбен Шымкенттегі колледждердің бірінде «Дін және әйел» атты алқалы кездесу өтті. Сонда сіз діндегі әйелдің рөлін ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен байланыстыра отырып, орамды ой айттыңыз. Дегенмен, «дін жолына түстім» деп сыртқы бейнесімен, киім-киісімен ерекшеленуге тырысушылық белең алды. Қыздарымыздың мұндай қылығына көзқарасыңыз қалай?
– Адамзат баласы жаралғалы, саналы адам, ұжым, қауымдастық, қоғам қалыптасқалы бері адамгершілік, ізгілік, мейірбандық сияқты ұғымдардың да мәні дәуірден дәуірге артып, тереңдеп келеді. Адамзаттың аман тұруы, дөңгеленген дүниенің бүлінбеуі, бейбіт заманның сақталуы үшін ол ұғымдардың орны ерекше, маңызы алабөтен. Әлбетте, ізгілікті орта, қоғам орнату, оны әрқашан да сақтау үшін алдыңғы қатарлы адамзат ұрпағы талай ойға батқан, қаншама еңбектер жазылған десек, солардың ең пәрмендісі, ең күштісі – адамның сенімін қалыптастырған, миллиондарды иландырған дін. Адамзат ұлтқа, нәсілге бөлінетіні сияқты, әлемде әртүрлі діндердің бар екендігі де баршаңызға мәлім дейтін болсақ, солардың ішінде біз үшін миллиардтаған адам үшін ең бастысы, ең қасиеттісі – ислам діні. Қазіргі біздің дәуірімізде бейбітшілік сақтауда, ізгілікті тұлға, адамгершілікті ұрпақ тәрбиелеуде, қалыптастыруда ислам дінінің рөлі тіптен айрықша. Осы жарық дүниеде ең бірінші адамды, оның адамшылығын бастапқы орынға қоятын асыл дініміз бұғанға дейінгі дәуірлерде адамзат қорғаны болып келсе, ХХІ ғасырда да осынау маңыздылығы еселей түсті. Алла тағаламыз өзінің сүйген құлы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) арқылы адамзатқа жіберген біздің асыл дініміз адамдар арасындағы махаббатты, адамгершілікті уағыздайды. Данышпан Абай атамыздың:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, –
деген керемет сөздері Жаратқан иеміздің құдіретін, хақ жолын, адамның қандай болмағын білдіреді ғой деп ойлаймын. Сондықтан, біз ислам діні дегенде ең алдымен адамгершілікті, адамдардың арасындағы ізгілік пен бауырластықты ойымызға оралтып, дініміздің адамзат баласын сақтаудағы аса ерекше орнына назарымызды аударамыз.
Ислам діні – ұлт болып қалыптасуымызға ықпал еткен басты құндылықтарымыздың бірі. Кеңес одағы заманында неге дінге шүйлікті? Неліктен мешіттерді қиратып, молдаларды қудалады? Өйткені, дінсіз адамды басқару, билеп-төстеу, кез келген жағыңа айдап, кез келген саясаттың қолшоқпары қылу оңай болатын. Сондықтан, олар үшін діннен бездіру ұлтты ұлттық құндылығынан айырып, жаулаудың ең оңай жолы болды.
Құдайға шүкір, Тәуелсіздік алғаннан кейін, Ислам дінінің ортамызға қайта оралуы, мешіттердің көбейіп, халықтың иманға келіп, Құдайға бет бұруы – үлкен бақыт! Өкініштісі сол, жақсыға жармасып жаманның да келетіні бар. Сол сияқты, дінімізбен қауышып, имандылыққа ұйып бастап едік, халқымызды қырықпышақ қылғысы келетін теріс ағымдар да пайда болуда. Оң-солын ажыратып үлгермеген көптеген жастарымыз сол ағымдардың соңына ілесіп кеткені де ащы да болса шындық. Өзекті өртер осындай өкінішімізді өршітпеу үшін халыққа, әсіресе, жастарға асыл дініміздің дұрысын айтып, бұрысын түсіндіретін дін мамандарын көбейтуіміз керек. Бір жылда мешіт салып бітіруге болады, бірақ сауатына парасаты сай пайымы терең имамдар тәрбиелеу ұзақ уақытты қажет етеді. Бұл бағытта аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Жасаған үстіне жасай беру керек, көптік етпейді.
Ал сіз айтып отырған мәселеге келетін болсақ, дін дегеніміз – ең біріншіден, сыртқы түр-тұрпат немесе киген киім емес, адамның ішкі дүниесі. Дінді толық танып-білмеген кейбір қыздарымыз беттерін бүркеп, қара жамылып шыға келетінін мен де көріп жүрмін. Солардың жүрегіне дініміз қаншалықты орнықты? Мәселе ең алдымен осында болуы керек. Пәренже кигендер мен балағын қысқартқан сол жастарымыздың арасынан дөрекі мінезді, жат пиғылдыларын да табу қиын емес. Барлығына бірдей топырақ шашпайық, бірақ, асыл дініміз көркем мінезге, білімді болуға, сабырлы болуға, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынаста болуды насихаттайды. Қазақтың өзіне тән, әрі шариғатқа теріс келмейтін ұлттық киімдері өте көп. Жігіттермен бірдей ат құлағында ойнап, қоғамның әр саласында өзіндік орны болған қазақ қызы бүркенбей-ақ, денесінің ашық жері болмаған. Киім киісінде ыңғайлы, әрі дінімізге қайшы келмейтін өз әдебі болған. Соның барлығын неге бүгін тарихтан сызып тастауға құмармыз?! Жалпы, қыз баланың басын жауып, тақия, сәукеле, орамал тағуы біздің әдет-ғұрпымызда да бар нәрсе. Осыны ұстанған ата-бабамыз, апа-әжеміз діннен алшақ кеткен жоқ. Жастардың ұлттық ерекшеліктерімізге сай етіп, заманға лайықтап киім кигенін құптаймын. Революцияға дейінгі, дінді берік ұстанған қазақ даласындағы қыз-келіншектердің бәрінің басында орамал болған. Орамал тартудың неше түрлі сәнін жасаған. Олай болса, бүркеніп қара киім киіп алғаннан өз ұлтымыздың сол орамал тарту сәнін қалыптастыру, жаңғырту керек шығар?! Қыздың қызыл, келіншектің ақ орамал тартуы, апа-әжелердің жасына, жолына қарай кимешек киюін дінімізге қайшы келеді дей алмаймын. Өмір шеңбер сызығымен емес спираль ретінде дамиды. Жаңа өмірге лайық ұлттық киім үлгілері жастардың еншісінде болу керек.
Жалпы, дінде әйелге, анаға үлкен көңіл бөлінген. Жалпы дін Жаратушының құдіретін тану, оған бас ию, сондай-ақ адамдар арасындағы ізгі қарым-қатынастарды реттейді. Ислам дініндегі құрметтеу, сыйлау сияқты әйелге қатысты талап-тілектердің барлығы да дәстүрімізбен қабысып жатыр. Қазақ қызын төрге отырғызып, оң жақтан орын беруі, келін боп аттаған соң, «ұрпағымды өргізуші» деп тәттісін, дәмдісін келіннің аузына тосуы, «текті жерден қыз алсам, ұрпағым үшін» деп мақсат қоюы, тәрбиелі, ибалы, инабатты қызды баласына айттыруы, осының барлығы да қарап отырсақ, шариғат талаптарына негізделіп жатыр.
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, –
деген данышпан Абайдың сөзі, менің ойымша, әлі де күшінде. Орайы келгенде айта кетейін, отбасы құндылығын насихаттауда шаршамау қажет. Отбасындағы тәрбие қоғам тәрбиесінің бастауы. Мәңгілік ел болуға көштің басын бұрған жас мемлекет ретінде біз осы отбасындағы тәрбие, отбасы құндылықтарын арттыру мәселесіне маңыз беруіміз қажет. Анасы тұрып қызы сөйлеген отбасында қандай құндылық болуы мүмкін? Мұны дініміз де құптамайды. «Қызды қырық үйден тыю» дегенді ұстанған қазақ, тіпті есіктің алдындағы күңнің де қызға тыйым жасауына құқығы барын ашық мойындаған ұлт екенімізді ұмытпау қажет. Бүгінгі қыздың ертең бір әулеттің тәрбиесін, ұрпақтар сабақтастығының тұтқасын ұстар азамат екендігіне жіті мән беруіміз керек. Еркелеткеннің жөні осы екен деп, қызды шектен тыс шолжаңдатпаған қазақпыз. Осыны жадымызда ұстасақ, біздің бүгінгі жастардан Қазақ елінің егемендігін баянды етер мықты ұрпақ өрбитініне сенімім мол.
Осы Тәуелсіздікті арғы хандық дәуірдегі ата-бабаларымызды айтпағанда, кешегі Алаш арыстары аңсап кеткен жоқ па еді?! Егеменді ел атану үшін есіл ерлер жанын қиды. Өнеге қалдырды. Біз сол Алаш арыстарының өсиетін ұмытпауымз керек. Сонда ісіміз оңады, көшіміз түзеледі, Қазақ елінің босағасы бекіп, шаңырағы асқақтай бермек!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ардақ ЖАҚСЫЛЫҚОВА, Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ