Жүргізуші мен инспектор арасындағы түсініспеушілік (видео)

312

Таяуда Шымкентте жүргізуші мен жол-патрульдік полициясының инспекторлары арасында түсініспеушілік туындады. Бұл оқиға Желтоқсан көшесінің бойында, Абай саябағына қарсы бетте орын алған. Осындағы Әділет департаменті ғимараты алдына тоқтаған көліктің жүргізушісі жол жүру тәртібін бұзыпты.

Нақты айтқанда, бұл азаматша көлігін тыйым салынған жерге қойыпты. Тәртіп сақшылары осылай дейді. Ал жүргізуші мұнымен келіспей отыр. Айтуынша, көлігін тоқтатқан кезде сол жерде полиция көлігі тұрыпты. Және тоқтаған кезде ешкім ешнәрсе айтпай, тек жүрер кезде ғана менің үстімнен хаттама толтырмақ болды деп отыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=eMw3zmNW4m8[/youtube]

Осылайша бұл азаматша өзінің үстінен толтырылған әкімшілік хаттамаға қол қоюдан бас тартты. Ал тәртіп сақшыларының да дәлелдері бар. Олар өзіміздің қызметтік міндетімізді атқардық дегенді алға тартады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ThHnPraZpXg[/youtube]

Полицейлер жүргізуші хаттамаға қол қоймаған соң оның нұсқауға бағынбағаны жөнінде акт түзеді. Содан кейін жүргізушінің құжаттарын талап еткен. Ал ол азаматша оқиға орнына құрбысын шақырып, соның және өзінің көлігімен тәртіп сақшыларының қызметтік көлігін екі жақтап қысып қойыпты. Бұл әрекетін тілшілер келгенше полиция қызметкерлері кетіп қалмасын деген оймен жасағанын айтады. Ал тәртіп сақшылары осы әрекеті арқылы бұл азаматша тағы бір заң бұзушылыққа жол берді деп отыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=uDZJwPv1bqo[/youtube]

Ақыры соңында полиция қызметкерлері жүргізушінің құжаттарын алды. Енді бұл оқиғада кімнің кінәлі екенін әкімшілік сот шешеді.