«Әкелік құқығымды таптады!» Арнамызға жаңа туған ұлының жөргекпұлын ала алмай жүрген азамат хабарласып, осылай деп шағымданды. Айтуынша, зейнетақы төлеу орталығы өзінің жұбайымен арадағы некесін куәландыратын құжаты бола тұра жөргекпұлды рәсімдеуден бас тартқан.
Мақұлбек Сәтмырзаевтың зейнетақы төлеу орталығына сенделіп жүргеніне аптадан асты. Азамат бесінші ұлының жөргекпұлын дайындай алмайтынына назаланады.
Мақұлбек Сәтмырзаев: «Әйелім жақында босанды. Ол жансақтау бөліміне түскен соң, әзірше ауруханадан шыға алмайды. Содан, амалсыздан неке куәлігімді алып, өзім жүрмін. Сөйтсем, мұндағы мамандар әйеліңнің өзі келсін дейді. Сонда неге Ата заңымызды сыйламайсыздар деймін ол кісілерге. Неке куәлігі не үшін керек сонда? Бір апайымыздың айтуынша, бұл қызметтің құны 3 мың теңге екен. Екі апта бұрын оның көршісінің келіншегі де босанған. Дәл сонда сол келіншектің те күйеуі осы проблемамен бетпе-бет келіпті. Оны да қабылдамаған. Содан соң 3 мың теңге берген екен, бар мәселесі шешіле қойыпты. Ешқандай сенімхаттың да, құжаттың да керегі болмай қалыпты дейді. Мен де дәл осылай ақшасын берер едім, бірақ мен — ұлтжанды адаммын. Менің көрген құқайымды бүкіл ел білсін. Ұлымның әкесі бола тұра мені елемегендері көңіліме қатты батты.»
Ал жауаптылар Ата заңнан асқанымыз жоқ дегеннен тайынбайды. Өйткені, жәрдемақы төлеу заңында осылай жазылған. Сәтмырзаевтың құжаты бойынша қаржыны жұбайы алу тиіс болса, демек, сол азаматшаның өзі бар құжатты рәсімдеуі тиіс. Өйткені, қаражат азаматшаның есеп-шотына түседі. Ал оған мүмкіндік болмаған жағдайда сенімхат арқылы жүзеге асыруға болады екен.
Несібелі Қаражанова, қалалық зейнетақы төлеу орталығының бөлімше басшысы: «Міне, Заңда былай деп жазылған: Зейнетақы, жәрдемақыларды тағайындау үшін өтінішті және қажетті құжаттарды басқа адамдардың ұсынуы зейнетақы және жәрдемақыны алуға құқы бар адамның нотариалды сенімхаты бойынша жүзеге асуы мүмкін. Демек, мұнда неке куәлігінің құзіреті жүрмейді деген сөз.»
[youtube]http://youtu.be/o8Xuu8sdqRc[/youtube]
Десе де «Әкелік атым жер болды» деген азамат сенімхатты әкелмеймін деп отыр. Ол неке куәлігінің күшімен-ақ бар істі өзі тындыруға кірісіпті. Ол үшін министрлікке де хат жазған. Ал зейнетақы төлеу орталығының мамандары заң бойынша нақ жөргекпұл мәселесінде неке куәлігінің күші жоғын алға тартып отыр. Осы мәселеде азаматтардың шатыспауын өтінеді.