Облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы балалардың тілегі осындай. Бүгін орталыққа түскен 48 бала жасыл шыршаны айналып, жаңа жылды тойлады. Ал ертең олардың бірнешеуі жетімдер үйіне жіберілетін болады.
Алина Қарпееваның осы орталыққа тәрбиеленіп жатқанына 4 айдың жүзі болды. 13 жасар қызды жұмыссыз қалған жалғызбасты анасы өзі әкеліп, тапсырған. Жағдайымды түзегенде алып кетемін деп уәде етіпті. Өз үйінде мұндай сыйлыққа ие болмаған Алина жаңа жылды жанұяда қарсы алудан күдерін үзбей отыр.
Алина Қарпеева: «Маған бүгін ағайлар мен апайлар сыйлық берді, ол сыйлықтың ішінде кәмпит, сырт киімдер, тағы да косметикалық топтама бар. Түрлі ойыншықтар да берді. Бірақ мен анамды сағындым, үйіме барғым келеді.»
Алинадан бөлек 48 бала осы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында жаңа жылды қарсы алмақ. Айта кетейік, орталыққа аптасына 3 пен 17 жас аралығындағы балалардың кем дегенде екеуі жеткізіліп тұрады екен. Орталық басшылығының айтуынша, биыл жыл бойын түскен балалардың саны 1000-нан асып жығылған.
Бимен Қансейіт, облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры: «Бізге балалар көбіне құжатсыз келеді. Құжаты дайындалып болған соң ата-анасы қамқорлығына алмаса, олар балалар үйіне жіберіледі. Ал балаларды қамқоршылығыма аламын деген туған-туыстары болса, міндетті түрде қолхатпен береміз. Бір өкініштісі, ондай азаматтар көп емес, жеткіншектер қазір тек қана балалар үйіне кетіп жатыр.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=JPGHZsaD3JY[/youtube]