«Қазақстанға либералды қылмыстық заңнама қажет пе?» Дәл осы тақырыпта қоғамдық пікірталас өткізген коммунистік халықтық партиясының мүшелері еліміздегі қылмыстық жүйені қатаңдатуға шақырады.
Коммунистердің ойынша, қолданыстағы қылмыстық заңнама тым жұмсақ болғандықтан, қылмыскерлер тиісті жазаларын алмай отыр. Партия мүшелері Елбасының биылғы Жолдауын қолдап-ақ отыр. Әйтсе де, «Мәңгілік елге» айналу үшін ең алдымен жауапсыз шенеуніктер мен қазынаға қол сұғушыларды қатал жазалау керегін алға тартады.
Нұрлан Қадырқұлов, ҚКХП ОҚО облыстық комитетінің төрағасы: «Соңғы уақытта біз жиі-жиі қоғамда «мәртебелі» орындарға ие болып отырған, ауыр құқықбұзушылықты жасаған азаматтардың өздерінің қылмыстары үшін тиісті жазаларын алмай, жауапкершіліктен жалтарып кеткенінің куәгерлері болып отырмыз. Қолданыстағы либериалды қылмыстық заңнаманы пайдалана отырып, қылмыскерлер тиісті жазаларын алмай жатады. Мұның нәтижесінде Қазақстанның азаматтары қоғам үшін аса қауіпті болып табылатын жауапсыз шенеуніктер, қазынаны ұрлаушылар және басқа да қылмыскерлерге жазаның қолданылмай қалмайтынына үлкен күмәнмен қарайды.»
Коммунистер пікірталастың қорытындысы ретінде қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді талап етіп, бірқатар ұсыныстарын жариялады.