Өлместің күні

04-010Жақсы өмір сүру үшін қанша жалақы қажет? Бұл сұраққа нақты жауап бере алмасымыз анық. Себебі, әркімнің өмір сүру салты, деңгейі әртүрлі. Дегенмен, бүгінгідей баға бет қаратпай тұрған заманда 19 мың 966 теңгенің талғажау бола алмасы айдай анық. 

Елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшері белгіленді. Жалпы, ең төмен тұтыну себеті – адамның өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жиынтығы. Ең төмен күнкөріс деңгейі – мөлшері бо­йынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс. Биыл бұл кіріс көрсеткіші мың теңгеге өсіп отыр. Тиісті бұйрыққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қол қойған. Бұл 2014 жылдың 1-ші тоқсанына бекітілген көрсеткіш. Түптеп келгенде, елімізде осы ақшаға аштан өлмеуге болады деп ұйғарылыпты. Айта кетейік, ең төменгі күнкөріс деңгейі арқылы зейнетақы, жәрдемақының орташа мөлшері анықталады. Мамандар жалпы шығынның 60 пайызы жұмсалатын азық-түлік себетін алға тартады. Құрамына 43 тағам кіретін «азық-түлік себетінде» ағзаға қажеттің бәрі бар деп сендіреді. Тіпті, азық-түлік себетінде тұтынылатын тағамның салмағы мен құнына дейін көрсетілген. Айтқандай, елімізде азық-түлік себетінің құрамы 2017 жылдан бастап өзгереді екен. 43 тағам енген бұл тізім 2005 жылы бекітілген. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуына қарағанда еліміздегі тұтынушы қоржынының мөлшері содан бері еш жаңартылмапты. Жалпы, азық-түлік себеті халықаралық тәжірибеде әрбір 5 жылда өзгеріп тұрады екен. Қазір еліміздің Тағамтану академиясының талаптарына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі жаңа азық-түлік себетін қарастыруда. Себебі, бүгінде аз қамтамасыз етілген отбасылар табысының 60-тан астам пайызын осы азық-түлік себетіне, 40 пайыздан астамын өзге де қажеттіліктеріне жұмсалатыны анықталып отыр. Бір шүкіршілік етететіні, оңтүстікте азық-түліктің құны өзге өңірлермен салыстырғанда иман таразы. Мәселен, базардағы нарық пен «азық-түлік себетіндегі» бағаны салыстырып көрелік. «Себетте» бағасы 80 теңге деп көрсетілген бір бөлке нанның құны бізде 35-40 теңгенің айналасында. Ауа райы жайлы біздің өңірде картоп, пияз және басқа да көкөністер мен дақылдардың бағасы да құлаққа қонарлық. Дегенмен, 19 966 теңгеге шалқып өмір сүре алмайсың. Себебі, күнделікті басқа да шығындарды айтпағанда, бұл ақшаның көп бөлігі коммуналдық қызметтерге жұмсалады. Әсіресе, қызмет ақысына адал зейнеткерлер тамағынан жырып, алдымен, рахатына пайдаланып отырған жылуының, суының, жарығының ақысынан құтылуға асығады. Ал маусым кезінде жылудың бағасы онсыз да жұқалтаң қалтаға салмақ салады. Күнкөріс деңгейінің ең төменгі мөлшерінің небәрі 1 мың теңгеге өскені сол, коммуналдық қызмет бағасы бұрынғыдан да шарықтап кетті. Биылдан бастап қолданған әрбір судың текше метріне былтырғыға қарағанда 3 теңге 48 тиын артық төлейсіз. Ал көгілдір отын 1 теңге 98 тиынға қымбаттап отыр. Бұған жаңа жылдан бастап жаңа тарифке ие болған жарықты тағы қосыңыз. Оның бағасы 63 тиынға бір-ақ өсті. Қанша үнемдесе де, коммуналдық қызметке кететін қаражат кірісіңіздің көп бөлігін қағып кетеді. Есептей келгенде зейнетақысының 40 пайызы дәл осы қызмет түрлерінің төлеміне жұмсалатын болып шықты. Ал экономистер бұл шығынды қысқартуға болады деп сенеді. Ол әрине, отбасындағы жан басына байланысты. Егер жалғызбасты болсаңыз, мемлекет белгілеп берген 19 мың 966 теңгеге күн көруге болады. Жалғыз ілікті адамның шығыны аз болатыны белгілі. Оның үстіне еліміздегі коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер ынталандыру мақсатында жалғызбасты үнемшіл тұтынушыларына арнайы жеңілдіктер ұсынады.

Түйін: 

Былайғы жұрт 20 мыңға жетеғабыл теңгені айдан-айға жеткізу үшін үнемдеп үйренуде. Артық шығын шығармайсыз, қонақ шақырмайсыз. Той-томалақ дегенді жинастырып тастайсыз. Алыс-беріс, барыс-келісті де доғарасыз. Үнемдеудің бұл түрі қазаққа тән бе?

Мақпал РЫСБАЕВА

04-011Әлеуметтік кәрзеңкеде болуға тиісті азық-түлік тізімі

04-012

04-013