40 түрлі қиындығымен қалаға өтті 40 ауыл

136 834 адам шымкенттік атанды

Жаңа жылдан бастап Ордабасы, Төлеби, Сайрам аудандарының жалпы көлемі 76200,34 гектар жері Шымкент қаласының аумағына енді. Осылайша аталған аудандардан 40 ауыл қалаға қосылды.

Қарқынды жүргізіліген урбанизациялау — өз кезегінде қала мен қалаға айналмақ ауылдардың арасындағы алшақтықты жоюды талап етеді. Қалаға қосылған ауылдың тұрғындары үшін бұл шешімнің «тақырда ұйықтап, төсекте ояндым» дегендей жайлы өзгеріске алып келетіні, не кері сипат алары әзірге беймәлім. Белгілісі, көптен бері ел аузында айтылып, жұртшылықтың ойын сан-саққа жүгірткен істің нүктесі қойылды. Сең қозғалды. Шымкен қаласының әкімі Дархан Сатыбалды ауданынан ажырап, үлкен шаһардың қатарына енген ауылдарды аралап, өз жауапкершілігіне өткен мекендерді көзімен көріп шықты. Көңілі алаң тұрғындардың сұрақтарына мәселердің түгенделіп жатқанын, кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. 

136 834 адам шымкенттік атанды
136 834 адам шымкенттік атанды

Шымкентке қосылатын ауылдардың дені инфрақұрылым жағынан кемшін қалып отыр. Жолы астаң-кестең, ауызсудан ада, көгілдір отынның қызуы жетпеген ауылдар жетерлік. Мысалы, Төлеби ауданының 4000-ға жуық тұрғыны бар Ақжар ауылында жоғарыда аталған қажеттіліктердің үшеуі де жоқ. 

Шымкенттің қол астына енген жердің басым бөлігін Сайрам ауданынан қосылған ауылдар құрайды. Сайрамның 55461,13 гектар жерi шаһарға айналды. Бір ғана Жаңаталап ауылы 5 ауылдан құралған ауылдық округ саналады. Бала саны көп округте мектеп жетіспейді. Қоғамдық көліктердің қатынауы да ала-құла. 

Тамара Жұқабаева, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкері
Тамара Жұқабаева

Тамара Жұқабаева, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкері:

– Құтты болсын,өссін және қарқынмен дами беруіне тілектеспін. Алайда осы жағдайға орай, қалаға өткен елдімекендерде мына мәселелер енді орын алады. Мектеп бітірушілер ауылдық квотадан айырылады, мұғалімдер 25% айлық жоғалтады және т.б. мәселелер туындайды. Артықшылығы республикадан облысқа қаражат көбірек бөлінетін болады. Сондықтан осы аймақтардың су, газ, жол, білім мәселелерін жақсарту керек және қалаға кіргендіктен автобус маршруттарын дұрыстап, қалаға дейін бағасын қала ішіндегімен бірдей болу керектігін ескеру керек. Мәселен, Ордабасы ауданынан кірген аумақтан қалаға дейін орта есеппен 150 теңге болса, ол енді қалаға кіргендіктен 50 теңге болып, автобус маршруттары қосылуы керек.

Ордабасы ауданының Көбұлақ пен Алтынтөбе ауылдары да өздерінің ауыл дәрежесінен айырылды. Бұл ауданның 7068 гектар жері Шымкентке өтті.

Қалаға өткен соң, сол мәртебеге сай болу — міндет. «Аты — қала, заты — дала» болса, тағы бекер. ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақытжан Әшірбаевтың айтуынша, 2004 жылы түзілген бас жоспар уақыт ағымынан қалып қойды. Ол жоспар бойынша, қала саны 2015 жылға дейін 600 мыңға жету керек еді. Алайда, шымқалалықтардың саны жоспарлы мерзімнен бұрын межеден асып кетті. Жаңа Бас жоспар бойынша бұрынғы 40 мың гектарлық аумақ 117 мың гектарға кеңейтілді. 2015 жылы бір миллионға жетіп, 2025 жылы 1,2 млн тұрғынды құрамақ. 

3-002

Халық санының артуымен қатарласа мәселе де көбейеді. Сондықтан да жоспарға сәйкес, инфрақұрылымды реттеу бірінші ретке қойылған. Бұлардың барлығы да жоспарға еніп, мерзімін күткен, уақыт еншісіне берілген. Миллионер қалаға айналу үшін қарекет жасалып жатыр. Миллион жанға жетудің жолында қалаға қосылған 40 елдімекеннің 136834 адамы Шымкент қаласының тұрғыны атанады. Тұрағы өзгермегенімен, тіркеуі алмасады. Ендігісі, сол бір қауым елдің тек тіркеуі ғана өзгеріп қоймай, тұрмысы жанданып, жағдайы жақсарса игі. Адам саны артқанымен, екі қолға бір күрек табылмаса қиын. Дамуды көздеген урбанизацияның ақыры жұмысы жоқтыққа ұласып, сергелдеңге апарып соқпауы үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы қажет. Оңтүстік өңірі аграрлы аймақ талаптарына толықтай дерлік сай келмегенімен, сондай аймаққа жатады. Ал, аграрлы өңірде биліктің араласуымен урбанизация жүргізудің әуресі мол, тәуекелді қажет етеді. Мұндай өңірде урбанизацияның жоспарлы түрде емес, шынайы жағдайда, ерікті ағыммен жүргені құпталады. Өйткені, аграрлық салаға бейімделген ауылдарға қалаға тән функцияларды енгізу шығын мен уақытта қажет етеді. Рес-публика бойынша туу көрсеткіші ең жоғары аймаққа жататын Оңтүстікте экономикалық өсімнің жылдамдығы демографиялық өсімнен қалып қоюы прогрессті тежейді. Әйтсе де шешім шықты, қала ұлғайды, аумақ кеңейді, қала халқының саны артты. Тәуекел жасалды. Ертеңді күтеміз. 

Жәнібек НҰРЫШ