Ақынмен сырласу

1204
Ханбибі Есенқарақызы

Оңтүстік Қазақстан облыстық әділет департаментінің қызметкерлері белгілі ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызымен кездесті.

Ханбибі Есенқарақызы
Ханбибі Есенқарақызы

Ханбибі Есенқарақызы, ақын, облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры: «Сонау 1937 жылы атылғандардың көбісіне осы органдардың қатысы болды. Сот, прокуратура, полиция дегендей. Ал енді тәуелсіздік алғалы бері осы органдар бізден қашқақтайды, себебі, сол зұлматта Қазақтың зиялылары атылды. Біз органның қызметкеріміз немесе біз басқа сала қызметкеріміз демей, кез келген адам осы өнерге, әдебиетке , мәдениетке жақын болуы керек деп ойлаймын.»

Әділет департаментінің мамандары кеш кейіпкеріне сауалдар қойып, қызықты естеліктерге куә болды. Тіпті ақын «Нурикамал» әнінің дүниеге келу тарихын жасырмай айтып берді. Бүгінге дейін халыққа 20-дан астам жыр жинақтары мен прозалық кітаптарын ұсынған қаламгер кездесуде көптің сұранысымен өлеңдерін де оқыды.

Ал Ханбибі Есенқарақызымен кездесуге келгендер ақынның «Ақ жол» шығармасының жалғасын күтіп жүргені туралы базынасын да жеткізді. Мәдени кеш аясында ақынның өлеңіне жазылған әндер де айтылды. «Ақынмен сырласу» кешіне Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығынан сыр шертер кітап көрмесі ұсынылды.

Әділет департаментінің мамандары ақын шығармашылығына дән риза
Әділет департаментінің жас мамандары

Ғалия Тұрарқызы, ОҚО әділет департаментінің ұйымдастыру-бақылау, кадр жұмысы бөлімінің бас маманы: «Ханбибі апамыздың шығармасының жас мамандарға, осы әділет органдарына қабылданып жатқан жас мамандарға тиер пайдасы мол деп ойлаймыз. Себебі, ол кісі өз өлеңдерінде шындықты жазады. Әділдікті қолдайды. Сондықтан барша мамандарымызды тек ақиқатқа шақырады.»