Біздің мақтанышымыз

Конкур спортына қыздар қауымының ықыласы ерекше. Солардың бірі, 23 жастағы Екатерина Орловская

Газетіміздің 2013 жылғы соңғы санында ОҚО ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры Ғани Молдабекұлымен жылқы жануары жайлы сұхбатымызды жариялаған болатынбыз. Бүгін назарларыңызға ұлттық спорт мектебінің атқорасында тұрған асыл тұқымды жылқылар туралы айтпақпыз.

Конкур спортына қыздар қауымының ықыласы ерекше. Солардың бірі, 23 жастағы Екатерина Орловская
Конкур спортына қыздар қауымының ықыласы ерекше. Солардың бірі, 23 жастағы Екатерина Орловская

Ұлттық спорт мектебінің атқорасы бірнеше бөлімге бөлінген. Түрлі ат спортына бейім жылқылар таңдалып, орналастырылған. 

Конкур және қыз қуу бөлімінде ағылшынның, немістің асыл тұқымды жылқылары тұрады. Сондай-ақ, түрікмендердің Ахалтекесі де бар. «Ялама» есімді Ахалтекенің тұрқы кішкентай шағын болғанымен жас аттар арасындағы халықаралық жарыста бірінші орын алған. Былтыр жасөспірімдер арасында өткен турнирде екінші орынға ие болыпты. Бірде-бір кедергіні бұзбағанымен, уақыттан аздап қалып қойған. Әйтпесе, бірінші орын алар-ақ еді. Байтал жасындағы «Яламаны» Өзбекстанның Ахалтеке жылқыларын шығаратын жылқы зауытынан алдырған. Адамға деген ықыласы ерекше. 

Ұлтық спорт мектебінің үміт күттіретін аттарының бірі — «Хенгелия». Тумысынан конкур спортына бейімделген «Хенгелияның» жасы 3 -те. Әзірдің өзінде бойының ұзындығы жас мөлшерімен салыстырғанда әлдеқайда биік. Балалар үйір.

«Дастархан» есімді немістің тракен асыл тұқымды жылқысының құны 50-60 мың АҚШ долларына бағаланады. Облыстың ашық біріншілігінде алғаш рет қатысып, 3-ші орын алыпты. Көп жарыстарға қатысып, әбден ысылған жылқылар арасынан ә дегеннен мұндай жетістікке жету қиын. Үйренері әлі де көп жылқы. 

«Ялама» мен «Альбинос» есімді таза қанды ағылшын жылқылары бар

Мектеп директорының сөзінше, белгілі бір спорт түріне арналған мұндай тұқымға қол жеткізу үшін, ғасырлар бойына жылқының қанын тазартады. Мысалы, ағылшындар үш ғасырға жуық әр жылқыны будандастырып, селекция жасаған. Келе-келе түрік жылқысы мен арабтың жылқысын шатыстырып, нәтижесінде ағылшындардың асыл тұқымды жылқысы алынған. Ағылшын аттары шыдамды, жылдам. Қазақстанда ұйымдастыралатын бәйгелерде бас жүлде алатын сәйгүліктердің дені ағылшынның асыл тұқымды жылқылары. Тіпті болмағанда, бойында ағылшын жылқысының қаны бар. Ағылшындарда жылқы саласына ғылыми тұрғыдан арнайы көңіл бөлінеді. Нәтижесінде, осындай жетістіктерге жетіп отыр. 

Бәйге жылқылары бөлімі таза қанды ағылшын жылқыларынан тұрады. Бәйгенің өзі топ бәйге, аламан бәйге деп екіге бөлінеді. Біріншісінің қашықтығы қысқа болса, екіншісі ұзаққа созылады. Ұзаққа шапқанда ағылшынның асыл тұқымды жылқылары шыдас береді. Шапқан сайын, ашылып, көсіле түседі. Мектепте «Вираж», «Альбинос» есімді таза қанды ағылшын жылқылары бар. 

Қазақ «көкпарды мықтыларға арналған» деп біледі. Білекті, қарымды жігіттердің ойыны санайды. Шабандозға қойылар талап қандай болса, көкпарға арналған жылқының да сыны ерен. Атқораның көкпар, аударыспақ, теңге ілу жылқылары бөлімінде кілең «Аттан!» салуға лайық жылқылар топтастырылған. 

Көкпар аттары қарынды, жұмыр, жылдам, аяқтары жуан, басы қайым болуы керек. Бәйге аттарының аяқтары жіңішке болғандықтан, көкпарға жарамайды. Аяқ сүйектері сынып кетуі мүмкін. 

Ұлттық спорт мектебінің атқорасы бірнеше бөлімге бөлінген. Түрлі ат спортына бейім жылқылар таңдалып, орналастырылған.
Конкур және қыз қуу бөлімінде ағылшынның, немістің асыл тұқымды жылқылары тұрады

Бұл бөлімде мақтан тұтарлық дүлділдер көп. Солардың бірі – «Бұйра». Атына заты сай «Бұйраның» түгі бұйра, түсі — ақбоз. Мұндай бұйра түк башқұрт тұ-қымды жылқылардың арасында кездеседі. Жасөспірімдер мен жас-тар арасында өте керемет ойын өрнегін көрсетіп жүрген жылқы. Қыс келіп, күн суытқан сайын түгі қалыңдап, бұйрасы да айқындала түседі. Көкпарға өте бейім. 

Мамандардың айтуынша, қолда бар жылқы саны неғұрлым аз болса, зорығу да көп. Өйткені, түрлі додаларда бірін-бірі алмастыратын жылқылар болуы керек. Жарыс жолына, көкпар алаңына шықан жылқы иесінің көңілінен шығу үшін, жан-тәнімен беріліп, күшін сарқа жұмсайды. Зорығып, көз жұмып жататын жағдайлар да ұшырасады. 

Әр жылқының әртүрлі мінезі бар. Сенбі мен жексенбіні күтетін, сол күндері ештеңе жемейтін жылқылар бар. Олар осы мезгілде жарысқа баратынын біледі. Сондықтан да өз-өздерін бабында ұстап, шаршап қалмас үшін жем-шөптен бас тартады. 

Мінез демекші, атқорада «Оқжетпес» атты қарабайыр жылқы бар. Қарабайыр жылқы — арба тартуға арналған жұмыс аты, салт мінеді және жүк тасу көлігі ретінде пайдаланады. Ал, «Оқжетпестің» ерекшелігі сол, конкурға бейім. Құнан кезінде Ресейден әкелінген. Шабандоздар бірнеше рет көкпарға алып барған екен. Етіне қамшы тиген соң, осқырынып, секіріп, үстіне шабандоз мінгізбей қойыпты. Болмаған соң, мектептегі қыздар «Оқжетпесті» конкурға үйрете бас-тайды. Содан бері конкур жарыс-тарына мектеп атынан қатысатын мықтылардың бірі. 150 см-ді емін-еркін бағындырады. Көкпарға бармау үшін, кез-келген кедергіден секіруге дайын. 

Қырғызстанда өткен Әлем кубогінің екінші кезеңінде 135 см биіктіктен секіріп, екінші орын алды. Шетелдіктер тұқымы бөлек «Оқжетпестің» мүмкіндіктеріне таңданып, таңдай қағады. Санасатын болыпты. Конкурдан жарыстарға қатысатын негізгі жылқылардың қатарына қосылған. Биылдан бастап шетелдерде өтетін біріншіліктерге шығарылмақ. 

Конкур спортына қыздар қауымының ықыласы ерекше. Солардың бірі, 23 жастағы Екатерина Орловская. Ат спортына келгеніне 11 жыл болған Екатерина қазіргі таңда конкур спортынан бапкерлік етеді. Өзі де жиі-жиі жарыстарға шығып тұрады.

Жылқыны жанындай сүйетін қыздың сөзінше, жылқыны түсіне білу керек. Оған не қажет екенін білсең, ол да саған шын беріледі. Адам үшін алаңдап тұрады. Ренжітіп алмауға тырысады. Балаларды жақсы көреді. Өзіне назар аударғанды қалайды. «Ат саласында жүрген 11 жыл ішінде жылқы адамға шабуыл жасапты дегенді естімедім», – дейді ол. 

Ахалтекелер кірпияз келсе, таза қанды ағылшын жылқыларының тұқымы әуел баста спортқа арнап шығарылғандықтан, нәзік болады. Сондықтан да олар ерекше күтімді, көбірек дәрумен қабылдағанды қажетсінеді.

Дәрумендер қыс келісімен көптеп беріледі. Алма, сәбіз, қызылша, асқабақ, тұз беріп, ине арқылы аскорбин қышқылы егіледі. Күн суытқанда, тұяқтары кебірсиді. Сол үшін балық майы жағылады. Көктем шыға түлейді. «Арық ит түлемейді, сабалақтанады» деген сөз бар. Соның кебін кимес үшін зығыр дәнін қантпен араластырып, жылқының жеміне қосады. Түлеуі жақсы болған жылқы малының түгі жылтырайды. Жазда суға шомылдарып, жал-құйрығын тарап, көкке отасын деп, шалғынға жібереді. Күзде түгі қалыңдай бастайды. Үстін тарап, тазалап отырады. 

Қазір атқорада пырақ-тарды Жылқы жылындағы дүбірлі ат жа-рыстарына дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

Жәнібек Нұрыш