Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен киелі Түркістанға келді

23

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден бастады. Бұдан соң Мемлекет басшысы Түркістан білім -инновация лицейінің оқушылары және мұз сарайында жас спортшылармен жүздесті. Сондай-ақ ынтымағы жарасқан ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері, ардагерлермен ел экономикасын дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобаларды талқылады.

Президенттің Түркістан облысына жұмыс сапары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды.Мемлекет басшысы ақын, ғұлама, бүкіл түркі дүниесіне ортақ рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің және кесене аумағында жерленген басқа да тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесенеде жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде баяндалды.

«Жаңашылдықтар, озық технологияларды дәріптеген жастарға қолдау әрқашан болады» деді Мемлекет басшысы Түркістан білім-инновация лицейінің ұжымымен кездесуінде. Оқушылардың өнерге , спортқа қызығушылығы, білімге құштарлығы қуантады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Бұл мектептің аты жақсы «Білім-инновация». Қазіргі таңда жастар білімді болуы керек. Сондықтан баршаңызға бақыт тілеймін. Білімді болыңдар»

Облыс орталығында бой көтерген жаңа мұз сарайы да балалардың спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік береді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған мұз айдынында болашақта халықаралық жарыстардың, Олимпиада ойындарының жеңімпаздары шығатынына күмән жоқ.

Түркістан қаласының тұрғыны: 2022 жылы екі аяғыма сіздің бастамаңызбен құрылған қор протез сыйлады. Түрлі жарыстарда Паралипиадада Азия ойындарында жеңіске жеттім. Сізбен жүзбе жүз кездесіп алғысымды білдіргеніме қуаныштымын».

Мемлекет басшысы киелі Түркістан жерінде ынтымағы жарасқан ұлттық мәдени орталықтарының өкілдері, ардагерлермен кездесіп, оларға жастарға тәлім-тәрбие беріп отырғандары үшін алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Қастерлі Түркістан жеріне келіп отырмын тағзым ету үшін. Баршаңызға әсіресе ардагерлерге еліміздің бүгінгі жастарына үлгі -өнеге көрсетіп жатырсыздар. Біз бәріміз бірігіп  ел үшін жұмыс істеуміз керек. Барлығы жақсы болады».

Өз кезегінде өңір белсенділері бірге көтерген жүк жеңіл деп Президент қолдауымен еліміздің өркендеуіне, халқымыздың тұрмысын жақсартуға аянбаймыз дейді.

Созақбай Әбдіқұлов, Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Қазақстанымыз ынтымағы жарасқан ел болды. Еліміз Сіз бастаған реформаларының нәтижесінде экономикамыз артып, халықтың әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы жақсарды».

Айта кетсек, Мемлекет басшысы түрлі кездесулерде, Қазақстан халқына жолдауларында жұртшылықты ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырып келеді. Ал биылғы Жолдауда бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел болатынымызды атап өтті.