Азиз Кудратуллаев Кореяда өтетін 17-ші Азия ойындарында спорттық гимнастикадан ел намысын қорғайды. Жеңіс тұғырын бағындыру үшін спортшы барын салып дайындалуда.
ОҚО гимнастикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебің шәкіртінің жаттығулары күрделене түскен. Өйткені, алда гимнастты сын сағаттары күтіп тұр.
21 жастағы Азиздің спорттық гимнастикаға қызығушылығы 2008 жылы Сидей Олимпиадасын көргеннен кейін басталыпты. Анасының жетегімен бұл залға келгенде жас спортшы небәрі сегіз жаста екен.
Қашан да перзентінің амандығын тілеген анасы балалары көз алдында болғанда ғана жүрегі жай табады. Ұлы Азиз мойнын жарақаттап алғанда анасы спортты тастауын өтінген екен. Бірақ, жалынды жастың гимнастикасыз тұра алмайтынын түсінген ана қазір ұлымды басқа салада елестете алмаймын дейді.
Бұл медальдар жеңіл атлеттің жасөспірімдер арасындағы қалалық жарыстардан бастап әлемдік деңгейдегі додалардан қанжығасына байлаған олжасы. Атап айтсақ, 2006 жылы Сирияда, 2008 жылы Ресей Федерациясының Пенза қаласында, 2010 жылы Жапонияда, тағы да басқа елдерде өткен жарыстарда Қазақтың туын желбіретті.
Азиз — өзінен кейінгі інісі мен қарындасының арқа сүйері. Балаларымның төрт көзі түгел дастарқан басында аман-есен жиналуы — үлкен бақыт дейді анасы.