Шымкенттік гимнастшы Олимпиадаға жолдама жеңіп алды

286
Лондондағы лицензиялық турнирдің жеңімпазы

Лондонда өтетін жазғы Олимпиадаға тағы бір Шымкенттік спортшы жолдама жеңіп алды. Спорттық гимнастикадан Мөлдір Әзімбай тестілеу жарысында топ жарды. Лондонда жалауын көтерген лицензиялық турнирде жерлесіміз жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, тәуелсіз Қазақстанда спорттық гимнастикадан жолдамаға ие болған алғашқы қазақ қызы ретінде үлкен спорттың тарихында із қалдырды.

 Мөлдір Әзімбай, Лондон Олимпиадасына жолдама иегері: «Жақсы болды. Өте ризамын. Әрине, көптен бері жоспарлап жүрген едім. Ұзақ уақыт бойы дайындалдық. Енді алдағы жарысқа дайындығымызды бастаймыз.»

Оңтүстіктің спорт сүйер қауымы да жерлесіміздің жеңісін мақтан етуде. Өйткені 16 жастағы гимнасшы Шымкенттіктердің қоржынына оныншы жолдаманы салып отыр. Бүгін жеңімпазды облыс спортының тізгінін ұстаған ағалар арнайы құттықтады.

Полат Қырықбаев, ОҚО спорт, денетәрбиесі және туризм басқармасының бастығы: «Қазақ қыздарының арасынан Олимпиадаға жолдама жеңіп алған жалғыз спортшымыз осы – Мөлдір. Шын ниетімізбен құттықтаймыз. Ендігі мақсат – Лондон.»

Мөлдірдің жеңісіне себепкер болған бапкері Галина Долгополова Шым қалаға әлі келген жоқ. Алайда облыстық спорт басқармасының бастығы Полат Қырықбаев жаттықтырушыға пәтер беріледі деп уәде етті. Ал Мөлдір болса өз кезегінде Әлем Кубогі үшін жарыста ептілігін сынға салып, дайындығын шыңдай түсетін болады.