Мұғалімге зәруміз!

Ауылда мұғалім тапшы. Содан болса керек, бір мұғалімнің бірнеше пәннен сабақ беру үрдісі әлі де тыйылар емес. Бұл сағат жетіспеушілігінен ғана емес, сондай-ақ, тиісті мамандардың тапшылығынан да орын алып отырған жағдай. Мәселен, еліміздегі мектептерде 293 315 педагог жұмыс істейтін болса, соның ішінде 60 мыңнан астам мұғалім біздің облыста қызмет етеді екен. Республика бойынша қазіргі күні педагогика кадрларына сұраныс 2 мыңға жуық адамды құрайды. 

Еліміздегі  мектептерде 293 315 педагог жұмыс істейтін болса, соның ішінде 60 мыңнан астам мұғалім  біздің облыста қызмет етеді екен
Еліміздегі мектептерде 293 315 педагог жұмыс істейтін болса, соның ішінде 60 мыңнан астам мұғалім біздің облыста қызмет етеді екен

«Орыс тілінен-тарих пәнінің мұғалімі, тарихтан-қазақ тілінің мұғалімі сабақ береді» дегенді де ауылдан келген ағайын жиі айтады. Сонда жыл сайын оқу бітіріп, қолына диплом алып жатқан жас мұғалімдер қайда? «Бұл ауытқып тұратын жағдай», – дейді облыстық білім басқармасындағылар. Өйткені, мұғалімдер басқа ауданға немесе басқа облысқа, не өзге мектепке түрлі жағдайлармен ауысып жатады. Сол кезде мамандардың орны уақытша бос қалады. Дегенмен, тиісті мекеме 3 күн аралығында аудандық не облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарландыру беріп, резервтегі пән мұғалімдерін жұмысқа қабылдайды екен. 

Алайда, сала мамандары біліміне біліктілігі сай ұстаздың аздығын жоққа шығармайды. «Мұндай мамандар тапшылығын, әсіресе, Назарбаев зияткерлік мектептеріне оқытушы іздегенде қатты сезіндік. Әрине, облыстық білім басқармасындағылар «Назарбаев мектептері Кембридж бағдарламасы бойынша оқыту процесін жүргізеді. Сондықтан да өз талаптарына сай маманның табылмауы заңдылық» деп ақталғысы келгенмен, білімді ұрпақ тәрбиелеуге көшкен елімізде әрбір қарапайым мектепте білікті ұстаздың болуы міндет емес пе?! Бұл орайда мемлекет тарапынан мұғалімдердің тың технологияларды игеруі үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр.Кембридж бағдарламасы бойынша үшінші (базалық) деңгейде «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты жанынан 2012 жылы курстан өткен 500 тыңдаушының 478-і біліктілік емтиханын ойдағыдай тапсырып, сертификат алған. Ал, былтыр 3 лектен 818 тыңдаушының 767-сі біліктілік емтиханын тапсырды. Үшінші легін институт тренерлері ережеге сай іріктеу жүргізу нәтижесінде 98,2 пайыз көрсеткішке ие болып отыр. 2012 жылдан бері 1318 мұғалім базалық деңгейдегі курстан өтіп, соның 1245-і сертификатқа ие болды. Біліктілік емтиханын тапсыра алмаған 73 мұғаліммен байланыс орнатып, қайта кеңестер жүргізіліп отыр. Ұстаздардың жалақысына да көңіл бөлінген. Мемлекеттік бағдарламада 2015 жылға қарай педагогтардың орташа жалақысын жеке сектордағы еңбекақыға теңестіру көзделген және қазіргімен салыстырғанда екі немесе үш есеге дейін өспек. Қазір ұстаздардың орташа жалақысы 55-60 мың теңгені құрайды. Әрине, қала деңгейінде бұл табыс төмен болуы мүмкін. Бірақ, ауылдықтар үшін әжептеуір талғажау екені рас. Ал біліктілігін арттырған оқытушылардың жалақысы 30-40 %-ға артатын болады. Жоғары категориялы мұғалімдер біліктілігі үшін базалық қызметтік еңбекақының үстінен 100 пайыздық қосымша қаржы алады енді. Мұнымен қоса жалақының үстіне қосымша қаржы төлеу шаралары оқытушылардың басқа да категорияларына қарастырылған. Бұл да болса, ынталандырудың бір жолы. Енді ел ұстаз қауымынан игі нәтиже күтеді. 

 

Шынар Ергешбаева
Шынар Ергешбаева

Шынар Ергешбаева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы директорының орынбасары: 

– Қазіргі кезде заман талабына сай орта білім саласында көптеген реформалар жүргізіліп, түбегейлі шаралар қабылдануда. Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2012 жылдан бастап, педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін түбегейлі өзгертуді, әлемдік тәжірибе негізінде жүзеге асыруды қолға алушылардың бірі -Назарбаев Зияткерлік мектептері. Зияткерлік мектептің негізгі мақсаты – жеке тұлғаны сапалы білім, саналы тәрбиемен қамтамасыз ету, оқу үдерісіне инновацияны енгізу, педагогикалық кадрлардың біліктілігін көтеру. «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» сабақ беретін мұғалімдердің құрамы шетелдерден оқып келген мамандарды қамтиды. Сондай-ақ, Англия, Жаңа Зеландия, Аустралия сияқты ғылымы мен білімі дамыған мемлекеттерден жоғары санаттағы ғалым ұстаздары мен басқа да шетелдік білімді ұстаздар да жұмыс атқарып жатқаны баршаға аян. Сонымен қатар, бұл мектепке Шымкент қаласы аумағындағы  өз мамандығының шеберлері, білікті педагогикалық кадрлар конкурстық негізде іріктеліп алынады. Ал, мамандардың жетіспеушілігіне тоқталатын болсақ, кәсіби білікті мамандар облыс көлемінде көптеп саналғанымен, олардың басым көпшілігіне үш тілді меңгеру қиындық тудырып отырған жайы бар. Әрі бұл мәселеге толық ден қойып, мән бермеуден, назар аудармағандықтан, білікті кәсіби мамандар толық қамтылмаған. Осы мәселені жоғары оқу орындары негізге ала отырып, қажетті мамандар дайындайды деген үміттеміз.

Кадрларды дайындау еңбек нарығының талаптарына сай емес

Қазақстанда кадрларды дайындау еңбек нарығының талаптарына толық сәйкес келмейді. Жуырда Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев осындай пікірін білдірді. Алдыңғы қатарлы елдердегі жоғары білім берудің бүгінгі таңдағы үрдістеріне тоқталған ол: «Ең бірінші үрдіс — ол жаппай білім беру. Бүгінгі таңда экономикалық ынтымақтастықты дамыту елдерінде жастардың 27 пайызы жоғары білім алады. Қазақстанда бұл 24 пайызға тең. Соңғы жылдары әлемде жоғары білім алып жатқан жастардың саны күрт өсті. Ал бізде соңғы он жылдың ішінде 3 пайызға төмендеді», — дейді Т. Балықбаев. Вице-министрдің атап өтуінше, екінші жағынан білімді жаппай беру жалпылама болғандықтан, білім сапасын төмендетеді. Осыған байланысты білім сапасының төмендеу мәселесі бой көтереді. Жалпы, Қазақстанда кадрларды дайындау еңбек нарығының талаптарына толық сәйкес келмейді және жоғары оқу орындарын бітірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етпейді деген ол өзінің бірнеше ұсынысын білдірді. Біріншіден, мамандарды бизнес салаларына сәйкес даярлау және оның сапасын арттыру қажет. Ол үшін білім мен бизнесті интеграциялауды тереңдетеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша екінші курстан бас-тап өндірістік тәжірибеден өткізу заңнамалық тұрғыда енгізілетін болады. Т.Балықбаевтың атап өткен екінші шара бойынша жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін арнайы бағдарламалар жасалады.

Артық болмас білгенің…

Бүгінде облыста 1046 жалпы орта мектеп бар. Оларда 549,4 мың шәкірт білім алуда. Сала мамандары бұл көрсеткіштің былтырғы жылмен салыстырғанда 2 пайызға жоғары екенін айтады. 

* * *

Облыста оқшау тәрбие берілетін балаларға және жасөспірімдерге арналған бір мектеп жұмыс істейді.

* * *

813 мектепте сабақ бір тілде жүргізіледі. Оның ішінде 741 мектепте сабақ тек қазақ тілінде жүргізілетін болса, 10 мектепте шәкірттер орыс тілінде білім алады.

* * *

Ал өзбек тілінде білім беретін мектептердің саны – 59-ға жетсе, тәжік тілінде дәріс беретін 3 мектеп бар.

* * *

Облыстағы білім нысандарында білім алатын шәкірттердің 74,7%-ы қазақтар, 17,7%-ы өзбектер, 2,6%-ы орыстар. Тәжіктер – 1,3%-ды, басқа ұлттар – 3,7%-ды құрайды.

* * *

Барлық мектептердегі мұғалімдердің саны бүгінде 62 601-ге жетіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға артық көрсеткіш.

Бетті дайындаған – Мақпал РЫСБАЕВА