«Ауылдағы бала Астана тұрмақ, Шымкентті де білмейді. Бұл жағдай өңіріміздегі тарихи-өлкетану орындарына саяхат ұйымдастыру жұмыстарының өте төмен деңгейде екенінің айғағы.» Туризм басқармасының басшысы Райымбек Жолдастың өткен жылды қорытқан есебінде Сапарбек Тұяқбаев осылай деді.
Облыс әкімінің орынбасары жиында жұмысына селқос қараған Жас туристер станциясының жетекшісін орнынан алуды ұсынды. Өңірдегі туризмді дамыту бойынша ақпараттандыру жағы да ақсап тұр. Мәселен, басқарма жақында туризмге қатысты сайт ашқанымен, оған бар-жоғы 15-ақ адам кіріп, ақпар алыпты.
Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Басшысын ауыстыру керек бірінші кезекте. Ешқандай жұмыс жоқ. Жұмыстың бәріне қарсы. «Жас туристер станциясын» туризм басқармасына беретін болса, барлық жұмыстарды дұрыс істеуге болады.»
Нышан Байғұт, облыстық білім басқармасы басшының орынбасары: «Жалпы, бұл жөнінде қазір жұмыс басталды. Ал енді басқармаға беру туралы мәселенің заңдылық жағын қарау керек. Бұл — біздің мектептен тыс мекемеміздің есебінде тұрған нәрсе. Онда арнайы сабақ жүреді. Бағдарлама бойынша жүреді. Сондықтан мұны экономика басқармасымен бірге қарап шығайық.»
Басқарма басшысының айтуынша, 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы облысымызда туристік ұйымдардың саны артқан. Бұл артықшылық шетелдіктерді көптеп тартуға себеп болғанымен, қазақстандық саяхатшылардың санын азайтып кетіпті. Олай дейтініміз, 2012 жылы саяхат орындарына 101 мыңнан астам турист келсе, оның 8 мыңы шетелдік екен. Ал 2013 жылы жалпы саяхаттаушының саны 16 мыңға азайып кетіпті. Бірақ, шетелдіктердің қатары 9,5 мыңға артты дейді Райымбек Жолдас. Осындай қызметтердің нәтижесінде туристік саладан түскен табыс 1 миллиард 663 миллтон теңгені көрсетіпті. Алайда, мұнда шипажайлардан түскен қаржы көрсетілмеген.
Жиында бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан Шардарадағы жер мәселесі де назардан тыс қалмады. Түркістандағы нысандарды жөндеу жұмыстары жөнінде де министрлік пен облыстағы басқарма бір мәмілеге келе алмай жатқаны айтылды. Мұнан бөлек, Батыс Еуропа — Батыс Қытай автодәлізінің бойы да қазір жабайы саудаға айналып барады. Осы мәселені шешу үшін Сапарбек Тұяқбаев мырза бірқатар ұсыныс жасады.