[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=QEpITTCpsGI[/youtube]
Ата-баба дәстүрі дәріптелді. Шымкенттегі №87 мектептің ұжымы бірінші сынып оқушыларына тәрбиелік мәні зор тұсау кесер рәсімінен қойылым көрсетті. Оқушылар ұлттық асық ойынын ойнап, қыздар жағы бесікке салу рәсіміне куә болды. Сондай-ақ, шәкірттер ақын-жазушылардың өлеңдерін жатқа оқып, патриоттық әндер шырқады.
Ұстаздар атадан балаға мирас болып келе жатқан қолөнерлер бұйымдарын көрсетіп, олардың қайсысы қандай мақсатта қолданылатынын түсіндіре кетті. Осы орайда ұстаздар салт-дәстүр мен әдет-ғұрып атадан балаға қалып отыратын мол мұра екенін оқушыларға әрқашан үйретуден жалықпаймыз дейді.
Шынар Ағайдарова, №87 мектептің бастауыш сынып мұғалімі: «Қазақта «Баланың ойынын тыйғаның — ойлауын тыйғаның» деген бар. Баланың ойлау қабілеті ойнау арқылы дамиды. «Кәнекей, балалар, асық ойнайық» десек, олар бар ынта-шынтасымен кірісіп кетеді. Баланы қызықтыру керек. Қазір балалардың көпшілігі бұл ойынды ұмытып бара жатыр. Бүгінгі сабағымыз жастарға Қазақта осындай ұлттық ойынның бар екенін үйрету болатын.»