Шымкентте көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алу митингісі өтті. 12-қаңтар күні Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туылғанына 102 жыл толды. Осыған орай шымкенттіктер мен қала қонақтары марқұмның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың есімі Қазақстан ғана емес, бүкіл дүниежүзіне белгілі. 30 жылдай ел басқарып, республиканың дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз зор үлес қосқан Қазақтың дара ұлы сол жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала тұрғызды деп еске алады көзін көргендер.

Ошақбай қажы Көлбаев, Төле би және Мақтаарал аудандарының Құрметті азаматы: «Қызмет бабында Қонаевтың қабылдауында екі рет болғанмын. Ол кісінің кішіпейілділігінде сөз жоқ. Менен 25 жас үлкен болса да Ошаке деп сөйлейтін. Ыңғайсызданып, ұялып қалатынмын.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=e4P2m3vw4Pw[/youtube]

Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алып, сегіз рет Ленин орденінің және басқа да көптеген марапаттардың иесі атанған мемлекет және қоғам қайраткерінің еңбегін көзін көргендер ғана емес, жастар да жақсы біледі. Солардың бірі — 11-сыныптың оқушысы Дінмұхамед Тоғысбай. Қазақтың біртуар тұлғасы Дінмұхаммед атасының есімін иеленген жас Димаш та келешекте елі үшін адал еңбек етуді армандайды.

Димаш деп халқы еркелеткен қоғам қайраткерінің туылған күніне орай ұйымдастырылған митингіде Дінмұхамед Қонаевтың өмірі жайында түрлі деректер айтылды. Алаштың ардақты ұлы бағындырған белестер мен тындырылған тірліктер баяндалып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.