Шымкентте жасөспірімдер арасындағы қылмыс тыйылмай тұр. Бүгін құқық және жаңа технологиялар колледжінің студенттерімен кездескен Әл Фараби аудандық прокурорлары жастар арасында түсіндірү жұмысын жүргізді. Ал арнаулы оқу орнының шәкірттері мұндай шараның тек ауыр қылмыс орын алған соң ғана өткізілетініне бақылаушы орган өкілдеріне базынасын айтты.
Ақмарал Нәби, құқық және жаңа технологиялар колледжінің студенті: «Жау кеткен соң, қылышты босқа сермеме» деген халқымыз. Құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүргізілсе, мұндай қылмыс болмас па еді деп ойлаймын. Алдын-ала келіп, студенттерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп немесе слайдтармен неше түрлі жағдайларды көрсетсе болады ғой? Қылмыс жасағандарға қандай жаза қолданылатынын да айтуы керек. Қылмыс біткен соң ғана жүгіріп келіп, «бұл қылмыс » деу ештеңеден құтқармайды.»
Колледж студенттері қатарластарынының қылмыс жасауын түсіндірме жұмыстарының аз болуынан көреді. Айтуларынша, тіпті, тәртіп сақшыларымен кездесу арнаулы оқу орнында бүгінге дейін өтпепті.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Wa-mM0M3Rao[/youtube]
Құзырлы орган өкілдері жуырда қару-жарақтың сатылымына шектеу қоятын заң шығуы тиіс дегенді алға тартты. Бұған қоса тәртіп бұзған жасөспірімдердің ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылып, қомақты көлемде айыппұл салынып жүр екен. Прокурорлар «енді мұндай жиындар көрнекі түрде өтеді» дейді.
Мәди Байтелиев, Әл Фараби ауданы прокурорының орынбасары: «Біз қазіргі таңда көптеген материалдарды дайындап жатырмыз. Түрменің ішіндегі жағдайды бейнекамераға түсіріп, мектеп оқушылары, колледж оқушыларының бәріне лекция оқып, осындай іс-шараларды жүргізу жоспарланған.»
Бірақ бұл ұсыныстың әзірге қашан жүзеге асатыны белгісіз. Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың 13-қаңтарында қаланың қақ ортасында 16 жасар жеткіншекке оқ атылған еді. Нәтижесінде жерлесіміз алған жарақатынан ауруханада көз жұмды. Ал күдіктілердің бірі осы құқық және жаңа технологиялар колледжінің студенті болып шыққан. Бір ғана Әл Фраби ауданында 2013 жылы жасөспірімдер арасында 102-қылмыс тіркелген. Ал биылғы жылдың алғашқы айы аяқталмай жатып, жеткіншектер 20 қылмыс жасап үлгеріпті.