Зағип жандардың кітап оқығысы келеді

840
Брайльша кітап

«Ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздері», «Көшпенділер», «Махаббат қызық мол жылдар». Осы және және өзге де әдеби-тарихи кітаптарды оқу өңіріміздегі зағип жандарға мүмкін болмай тұр.

Гүлхая Жуашбаева
Гүлхая Жуашбаева

 Гүлхая Жуашбаева — туа бітті зағип. Бірақ, көзі көрмегенімен, көкірегі ояу бойжеткен ұстаздық жолды таңдаған. Сондықтан, кітап оның сырласы ғана емес, қызметтегі көмекшісі. Бірақ кітапханадағы жағдай оқырманды жабырқатып жүр.

Гүлхая Жуашбаева, оқырман: «Өкініштісі,  бұл жерде қазақша кітаптардың аздығы жүрегімізді ауыртады. Мысалы, қазіргі ақын-жазушылардың көптеген еңбектері, «Махаббат қызық мол жылдар», «Абай жолы», Абайдың «қара сөздері» — осы кітаптардың барлығы брайль түрінде шықпаған. Әсіресе, МұқағаиМақатаевтың ерекше бір поэмаларын оқу арман болып тұр.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=REI56xnk9VQ[/youtube]

Зағипжандар мен көзі әлсіз көретіндерге арналған облыстық кітапханада бүгінде 170 мыңнан аса кітап бар. Бірақ, оның 6 мыңын ғана қазақша еңбектер құрайды. Ал салалық оқулықтар мен ғылыми еңбектер жоқтың қасы.

Бүгінде мекеменің жанынан ашылған нүктелі бедерлеу баспаханасы жылына тек 70-ке жуық кітапты шығаруға ғана қауқарлы. Әзірге жеке ғимараты жоқ ұжым жалға алған орынға жайғасқан. Бұған қоса баспаханадағы техникалардың тозығы жетіпті. Сондықтан кей еңбектерді қолмен жасауға тура келеді.

Кітапхана қорында 170 мыңға жуық кітап бар
Кітапханада 170 мыңға жуық кітап бар

Бәкір Нұрманбетов, облыстық зағип және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана директорының орынбасары: «Біздің мынау браиль үлгісіндегі баспаханамыздың және дыбысталған кітап жазып шығаратын бөліміміздің мүмкіндіктері шектеулі. Өйткені, олар әлі шағын ғана бөлім. Оқырмандарымызды қамтамасыз ету үшін бізге қосымша үлкен бөлім қажет.»

Арнайы кітаптар шығаратын баспахана
Арнайы кітаптар шығаратын баспахана

Ал мәдениет басқармасының басшысы Күлия Смайлханқызы мәселені шешу жолы қарастырылып жатқанын айтады. Биыл 2 миллион теңгеге оқырмандардың сұранысы бойынша тек қазақ тілді кітаптарға тапсырыс беріліпті. Ал баспахана мәселесі тек уақытқа ғана тәуелді емес.

Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Осы биылғы, келесі жылғы бюджеттерден сұраныстың қажеттілігіне қарай,бұл мәселелердің бәрі қаралып, шешімін табады деп ойлаймын. Себебі, еш уақытта осы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға байланысты кітапхананың бізде аса бір үлкен проблемасы болған жоқ, сұрағанының барлығы беріліп жатыр.»

Айта кетейік, бүгінде ел аумағында көзі көрмейтін жандарға арналған арнайы брайл бедеріндегі кітаптарды шығаратын баспахана Оңтүстікте ғана бар. Оның өзінің ахуалы аянышты. Сондықтан кітапхана ұжымы 6000-ға жуық оқырманын жоғалтып алудан қорқып отыр.