Шымкенттің зейнеткерлері жаңа жылдың алғашқы зейнетақысын ала бастады. 2014 жылдың 1-қаңтарынан елімізде зейнетақы көлемі 9 пайызға артты. Бұдан бөлек арнаулы және мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерінде де 7 пайыздық өзгеріс бар. Көбейтілген зейнетақыға риза болғандардан көрі қынжылыс білдіргендер көп.
Шымкенттегі «Халық банкі» филиалдарының алды таңертеңнен ұзын-сонар кезектен босамайды. 9 пайызға көбейген зейнетақысын қолына ұстаған қариялардың кейбірі көңілді, ал базбіреуінің көңіл-хошы мүлдем жоқ.
Марат Мамыров, зейнеткер: «Зейнетақыға қосып бергені — 5 мың теңге. Ал теңгенің құнсыздануы одан да көбейіп кетті ғой. Ет асып жейін десең, дұрыстау етті 2 мың теңгеге әзер аласың. Су, жарық, газдың бәрі қымбаттап жатыр.»
Қарияның сөзін жергілікті тұрғын Фәния Шурбаева да қолдай кетті. Өйткені «Жаңа жылдан бастап электр жарығы 5 пайызға қымбаттайды» дегенді есіткен кейуана зейнетақысын қолына алмай жатып қынжылып жүргенін жасырмады. «Коммуналдық қызметтің құны аспанға шарықтай берсе, бір күні, қол жуып, шәй ішуден де қалатын шығармыз дейді» Фәния әжей.
Фәния Шурбаева, зейнеткер: «Бұрын 37 мың теңге зейнетақы алатынмын. Енді оның көлемі 40 мыңдай болады екен. Зейнетақы көбейді не, көбеймеді не? Айырмашылықты көріп тұрғаным жоқ. Өйткені, артық ақшаның орны табыла қойды. Міне, жарықтың бағасы өсті, әне-міне дегенше, басқа да қымбаттаулар басталады. Сонда теңгені құнсыздандыра бергеннен не пайда?»
Кім қалай ренжімесін, әлеуметтік төлемдерге қатысты үкіметтің 2014 жылдағы ұйғарымы мынадай. Биылғы ең төменгі әлеуметтік зейнетақы 30 мың 765 теңге болып белгіленді. Мұнан бөлек елімізде арнаулы және мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де 7 пайызға артқан. Мысалы, жөргекпұл алуда да өзгерістер баршылық.
Әнуар Лесбаев, ОҚО бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы: «Алғашқы сәбиін босанған анаға бір жолғы төленетін төлемақының мөлшері бірінші, екінші, үшінші баланы босанған жағдайда 55 560 теңге төленеді. Ал төртінші және одан кейінгі балаларға 92 600 теңгені құрайтын болады. Және бұған қосымша бала санына байланысты төленетін жәрдемақылар болады. Егер де ол міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушы болып табылатын болса, айлық жалақысының 40 пайызы мөлшеріндегі жәрдемақыны алады немесе республикалық бюджеттен бөлінетін жәрдемақыны алатын болады.»
Облыста бүгінде әлеуметтік төлемдер алатын 852 мың азамат бар. Соның 180 мыңнан астамын зейнеткерлер құраса, қалғаны түрлі әлеуметтік жәрдемақы алатын тұрғындар.