5 мыңнан астам халқы бар Қаратөбе ауылдық округіндегі білім ошағына жиылған халықтың қатары қалың. Қос әкімнің жылдық жұмысын қорытындылауға жергілікті жұртшылық бей-жай қарамапты. Хош! Алдымен мінберге былтыр ғана аудандық мәслихатпен сайланған ауыл әкімі Жорабек Жолдасбеков көтерілді.
Ел бастаған жігіттің атқарған ісін жұртының әлеуетіне қарап бағамдаған жөн болар. Олай болса, Қаратөбеде күні бүгінге дейін 3 өндірістік кооператив, 7 ЖШС бар екен. Яғни жергілікті халықты жұмыспен қамтушы өндіріс орындары жоқ емес. Тіпті Майбұлақ ауылынан мал басын асылдандыру мақсатында қолдан ұрықтандыру орталығы ашылған. Мұндағы жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызды құрайды.
Иә, атқарылған істер бар. Алайда, тапсырмалар толығымен жүзеге аспаған. Мәселен, Сыбаға бағадарламасы бойынша 2013 жылы Қаратөбеге 50 бас ірі қара келу қажет болатын. Бірақ, сөз күйінде қалыпты. Сонымен қатар, аудан басшылығы қаратөбеліктерге 0,3 сотық жерге жылы жай салуды тапсырылған. Бұл да алынбас асу болып тұр әзірге. Ал, мүлде пайдаланылмай қалған жер көлемі 874 гектарды құрайды.
Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков мүлдем пайдаланылмай отырған жер – 874 гектар дейді. Аз ба? Көп пе? Көп. Дұрыс айтады. 874 гектар жер деген 1 ауылдық округіне өте көп. Бұл мастық! Бұл жақсы емес! Сондай-ақ, Қаратөбеде жекеменшік балабақша жоқтың қасы. Әзірге оны ашуға құлықты кәсіпкер табылмай отыр. Ал, былтырғы 5 миллиард 300 миллион теңге субсидия толықтай игерілмеген. Осындай олқылықтарды тізіп келіп аудан әкімі, аяқ астынан облыс орталығынан жиынға келген журналистердің құлағына «сырға» тақты. Ал, ауыл әкіміне ләм демейді. Қайта бізге көре тұра, біле тұра жазба, айтпа дейді. Ауыруын жасырғанның арты түзу болмайды. Мұны ол ұмытқан секілді.
Айта, айта Алтайды Жамал апам қартайды деп сөз бастады есепке жиылған тұрғындар. Себебі, қордаланған мәселе көп. Соның бірі ауылға амбулатория мен білікті дәрігер қажет. Мектеп, жол мәселесі тағы бар. Төңкеріс ауылының тұрғыны Мырзатай Сахов: «Мына Төңкеріс ауылында мектеп салынады деген аудан әкімінің ұсынысы болған. Мектеп салынса жақсы болар еді. Балалардың мектепке барып келуі сәл алыстау боп жүр. Газельмен тасиды. Бірақ, боранды күндері көлік жүрмей қалған жағдайлар болса жаяу барады. Қазіргі мектеп ауылдан 5 шақырым шалғайда» – деді.
Ауданның әлеуметтік саласына былтыр 25 миллиард теңге тартылыпты. Жалпы өнім көлемі 2013 жылдың 11 айында 61 миллиардқа жеткен. Орташа жалақы мөлшері 71 660 теңгені құрап отыр. Аудан мақсары өндіруден облыста бірінші орында. Астық өндіруден екінші келеді екен. Дегенмен Төлебиде тамшылатып суару әдісі өз деңгейінде емес. Мұны аудан әкімнің өзі мойындап отыр. Қос әкімнің есебін тыңдаған халық қанағаттанарлық деген баға берді.
– Осында айтылғандарды бізден басқа ешкім естімей-ақ қойсын. Облыстан келген қонағымыздың да құлағына алтын сырға, – дейді Төлеби ауданы әкімі Әуелхан ТҰРҒЫМБЕКОВ. – Осында отырған прессаға да алтын сырға. Мұның бәрі залдағыларға ғана арналған. Сүйінші сұрап ары, бері жазып, даңғаза қылудың меніңше қажеті жоқ қой деп ойлаймын.
– Ауылдық округ аумағында 20 нысан орналасқан. Ондағы кәсіпкерлік нысандарын атап өтетін болсақ, 12 дүкен,1 май сығу цехы,1 үлкен ағаш өңдеу цехы, 1 кіші ағаш өңдеу цехы,1 токарлық цех жұмыс істейді, – дейді Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Жорабек Жолдасбеков. – Сонымен қатар, 4 әр-түрлі кәсіптік нысандар жұмыс жасауда. Осы нысандарда 46 адам жұмыспен қамтылған.
Арай Есенбек