Донор қайдан табылар…

607
саланы дамытуды реттейтін заңнама қажет

Бүгінде облыста 300-ге жуық адам жасанды бүйрекпен өмір сүріп жүр. Арамызда бауыр жетіспеушілігімен ауыратын науқастар мен сау жүрекке зәру жандар да аз емес. Ал дәрігерлер донор тапшылығынан жарымжан жандарға көмектесе алмай отыр.

Көп балалы ана Айжамал Тағаева бір жылдан бері гемодиализ жасаумен, яғни, жасанды бүйрекпен жүр. Екі бүйрегі де істен шыққан науқасқа тез арада ота жасау қажет. Ал біздің келесі кейіпкердің жолы болды. Аяқ астынан бүйрегі сыр беріп, ауруханадан бір-ақ шыққан оған ақ халаттылар қос бүйректің жарамсыз болып қалғанын жеткізді. Дәрігерлер ең алғаш рет отаның бұл түрін дер кезінде донор тапқан Асқар Қарабековке жасады.

Енді Асқар «Өмірге – үміт» атты бірлестік ашудың қамымен жүр. Ондағысы – халық арасында донорлықты насихаттамақ. Өйткені, ағзаға зәрулікті жақсы түсінетін ол бүгінде түйткілі шешілмей тұрған донорлықты жолға қоятын уақыт жетті дейді. Тіпті, талқаны таусылып, бақилық болса, Асқар ішкі ағзаларын өзгеге беруге дайын.

Донор мәселесі жолға қойылса, трансплантацияны дамытуға мүмкіндік бар. Дәрігерлер де білікті, тиісті жағдайлар да қаралған. Бүгінде облыста 300-ге жуық науқас жасанды бүйрекпен өмір сүріп жатыр. Өлместің күйін кешкен науқастардың жағдайына бұрылып қарайтын жан болмай тұр. Ағза мүшесі жоқ емес, өз мүшесін өзгеге беруге дайын адамдар баршылық. Тек ол үшін қыруар қаржы қажет.

Соңғы уақытта донор іздеп жүрген науқас пен саудалаушыға дәнекер болатын делдалдар да пайда бола бастапты. Денсаулық сақтау нарығындағы сұраныс пен ұсыныс бизнестің жаңа түріне жол ашып жатыр. Енді тез арада донор мәселесін реттейтін заң қажет.

Сонымен, донор көмегімен қайта қайраттанатын өмірдің құны қанша? Бүйрек 20-100 мың АҚШ доллары шамасында. Жүрек 80 мың доллардан жоғары. Бауыр 50 мыңға табылады. Жұлын керек болса, 30 мың долларды дайындасаңыз болды. Ал сау өкпе керек болса, 100 мың доллар өткізесіз.

Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыз Балгүл мен Бақытгүл де қаржыдан қысылған соң бүйректерін бұлдаудан басқа амал таппапты. Апалы-сіңлілі оралмандар мүшелерін баспананың нарқына бағалап отыр. Біздің кейіпкерлеріміздің барлығын байланыстыратын жалғыз нарсе – ол мұқтаждықтан туған мәжбүрлік. Түптеп келгенде, өмір сүруге құштарлық. Ол үшін біріне ақша қажет, екіншісі сау ағзаға зәру.

Дәрігерлердің айтуына қарағанда, өлім-жітім көрсеткішінің тең жартысы жүрек қан-тамыр ауруларынан орын алады. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, бүгінде облыста 22 адам жүрек трансплантациясында кезекте тұр. 19 адамға бауыр қажет болса, 300-ге жуық жан бүйрекке зәру.

Бүгінгі қоғам трансплантациялық оталарға оң көзқарас таныта алмай отыр. Біздің халықтың менталитеті, наным-сенімі өлім аузында жатқан туысының ағза мүшесін пайдалануға келісім беруге кедергі келтіріп отыр. Алайда, дін өкілдері өз ағзасын өзгеге беруге Ислам діні қарсы емес екенін айтады. Тек мұқтаж адамға ағзаны ақшаға сатпай, қайырымдылық жасауға ғана болады.

Бірақ, нарық заманында қайырымдылыққа қанағат ететіндер кеміп кетті. Бүгінгі донорға ақша қажет. Қалтасы таяз жаралы жандардың қабағына қарайтындар табыла бермейді. Кейде, тіпті, бауырмалшыл туған-туыстан да қайыр болмайды.