Әл-Фараби мен Абай ауданының әкімдігі ардагерлерді құттықтады

9-мамыр – жеңіс күніне орай Шымкенттегі Әл-Фараби ауданының әкімдігі Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне, ауған соғысының қатысушыларына арнап мерекелік шара өткізді. Бүгінгі күні Әл-Фараби ауданы бойынша 68 соғыс ардагері өмір сүреді. Мерекеде отты жылдардың көзі тірі куәгерлері енді ел басына мұндай нәубет төнбесін деп ағынан жарылды.

Әбдірахсан Жиренов, ардагер: «Жеңіс күні құтты болсын! Өздерің аман-сау болыңдар. Қазақ көбейсін. Ешкімге тәуелді болмай, азат өмір сүріңдер, айналайын. Біздің көргенімізді көрмеңдер.»

Ардагерлерді Абай ауданының әкімдігі де ардақтады. Мамандар ауданға қарасты елдімекендерде тұратын 120 қартқа дастархан жайып, азын-аулақ сыйлығын ұсынды. Депуттаттар мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен атқарылған шарада қазыналы қарттардың көңілін бір сәтке болсын жадыратсақ, мақсатымыздың орындалғаны дейді ұйымдастырушылар жағы.

Ахмет Татыбаев, Абай ауданының әкімі: «Ауданымызда тұратын 40 шақты ардагер жүре алмай да қалыпты. Басқосудан соң сол кісілердің шаңырағына бас сұғып, мейраммен құттықтаймыз.»