Шахарға қосыламын деп шіліңгір шілдеде сусыз қалатын болды. Естеріңізде болса, Құрсайлық тұрғындардың ашынғаннан құрттаған суын облыс әкімдігіне әкелгенін айтқан болатынбыз. Ашуға булыққан ағайынмен кездесуге келген қала әкімдігінің мамандары бұл Құрсайдағы жаңа құрылыс көшелері Шымкент қаласына Сайрам ауданынан биыл қосылған елдімекеннің бірі деп отыр. Сондықтан мұндағы тұрғындардың жақын арада таза суға қол жеткізуі екіталай.
Құрсайлықтар күнделікті осындай лас суды пайдалануға мәжбүр. Шыдамы таусылған тұрғындар шыны құтыға сол судан құйып алып, облыс басшылығына көрсетпек болып ала келген. Алайда олардың келесі жеткен жері әкімдік ғимаратының табалдырығы болды. Мардымды жауап аламыз деген үмітін үзбеген халыққа мұнда да кеңес берушілер табылды. Олардың берген кеңесі, яғни суды қайнатып ішіңіздер дегеннен ары аса алмады. Бұл ашуға булығып келген ағайынның зығырданын қайнатты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=rjNzrijNr4c[/youtube]
Назира 4 баланың анасы. Ауыз судың тапшылығын тартқанына 4,5 жыл болғанын айтады. Ай сайын екі текше метр суды 3,5 мың тенгеге сатып алып күнелтіп отыр. Темір ыдысқа құйылған су 1 айда құрттап кетеді деп налиды.
Құрсайлық отбасылардың мәселесіне қанық қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары елді мекенге осы күні тағы барды. Белгілі болғанындай, жерлестеріміз жақын арада сапалы суға қол жеткізеді деу қиын. Ауылдың бұған дейін Шымкент қаласына қарайтын бөлігіне тамыз айында су берілуі мүмкін екен. Негізінде мұнда тартылған құбыр тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтуға дайын емес. Сондықтан, тұрғындардың әлі бірәз шөлдейтін түрі бар. Сайрам ауданынан облыс орталығына өткен елді мекендер 5 жылдық даму жоспарының орындалуын күтеді.
Бір қызығы 166 миллион тенгеге құрылыс жасаған мердігер мекеме Құрсайдың Сайрам ауданына қарасты бөлігіне яғни осы су сұраған тұрғындардың көшесіне де құбыр тартқан. Онысы қате болып шықты. Шымкентік шенділердің тағы бір шикі ісі осылайша, жұртты сергелдеңге салып отыр.