Қауысбек Тұрысбеков атындағы жеке қайырымдылық қоры қоғамға көмек қолын созуды жалғастырып келеді. Облысымыздағы «Халқыма тағзым» мүмкіндігі шектеулі жандар қызмет ететін қоғамдық бірлестікке әлеуметтік жағынан жәрдем беруде. Өнерлі жандардың халық алдына шығып, сахнада өнерін паш етуіне де жағдай жасап отыр.
Сезімнің сұлулығы мен махаббатқа деген риясыз құрмет көрініс тапқан биді көпшілік тапжылмай тамашалады. Ләззат пен Ермек бұл нөмірді дайындау үшін 3 апта уақыт жұмсаған. Қос ғашықтың жүрек қалауы мен арманына бүгінгі халі кедергі бола алмады.
Ермек Калымбетов: «Орнымнан тұрып кету деген былай тұрсын, ұшып жүргендей сезінемін ғой өзімді! Бірақ орнымнан тұрып, би билеу мен үшін үлкен арман екенін ұмытпаймын. Сахна болған соң, үлкен қобалжуды сезіндім. Дегенмен, халықтың алдына шығып, өнер көрсеткенімізге қуаныштымын. Әрине, арбамен би билеу алғашында қиындық туғызды, дайындық кезінде қатты қиналдым. Қазір үйреніп кеттім.»
Ләззат Әлібекова: «Алдағы жоспарымыз — бұдан да биік-биік шыңдарға жету, халықаралық байқауларға қатысу. Әрине, алдымен Алланың қалауы ғой, үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің атын шығарып жатсақ — ол біз үшін үлкен бақыт.»
Осыдан 2 жыл бұрын құрылған «Халқыма тағзым» қоғамдық бірлестігінде бүгінде 23 өнер иесі қызмет етеді. Тынымсыз дайындық пен үлкен еңбектің арқасында көпке өнерімен көрініп жүрген бірлестік мүшелері осы уақытта талай соқпақ жолды артта қалдырды. Бүгінде олардың сахнаға шығып, өнер жолына жолдама алуына Қауысбек Тұрысбеков атындағы жеке қайырымдылық қоры әлеуметтік жағынан мейлінше көмек қолын созып келеді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=FbV1Br7AvE8[/youtube]
Алмас Мейірбеков, Қауысбек Тұрысбеков атындағы жеке қайырымдылық қорының президенті: «Мүмкіндігі шектеулі жандарды біз ескермей қоя алмаймыз, оларды қуантуға тырыстық. Енді бұл шарамен ғана шектеліп қоймаймыз, келешекте кішкентай балалар бар, ата-анасының қамқорынсыз қалған, соларды жарыққа шығаруымыз керек деп ойлаймын. Облыс көлемінде олардың барлығына қолымыздан келгенше көмек беруге тырасамыз және барлығын қамтуға тырысамыз.»
Қайырымдылық концертке келіп, олардың өнерін тамашалаушылардың қарасы қалың болды. Тіпті көрермендер залында жастар қауымы да гүл шоқтарын арқалай келген. Бұл олардың өнерге деген сүйіспеншілігін көрсетсе керек.
Айгүл Ағабекова, көрермен: «Өнерпаздар әнді үлкен жүрекпен айтты. Көзімізге жас алып, жүрегіміз елжіреп кетті. Бұл кешті тамашалау үшін мен Бәйдібек ауданынан арнайы келдім. Алдағы уақытта осы мүмкіндігі шектеулі жандарды Астанадан, Алматыдан көргіміз келеді. Осындай концерттер жиі-жиі болып тұрса дейміз.»
Мүмкіндігі шектеулі болса да жүрегі бір, тілегі бір жандардың кешіне келген жерлестеріміз өнердің телегейлігін тағы да мойындады. Айта кетейік, Қауысбек Тұрысбеков атындағы жеке қайырымдылық қорының демеуімен өрбіген кештен түскен қаржы осы мүгедек өнер иелерінің ем-домына жұмсалатын болады.