Мемлекеттің меншігіндегі суды ішіп, жарығын жағу қайтпастықтардың арманына айналған. Үш күннен бері жарықсыз қалған жұрт әкімдіктен көмек сұрайды. Қайтпас-1 шағынауданындағы Сарыжайлау, Медеу көшесінің тұрғындары коммуналдық қызметтің азабын тартып отыр.

Перизат Нұржанова үш күннен бері тоңазытқыштағы ашып-тасып кеткен азық-түлігін тазалап әлек. Қайнатқан тосабы да айнып кетіпті. Жиі сөніп қалатын жарық, азық-түлікті былай қойғанда, техниканың барлығын күйдіріп тындырды деп отыр. Үп еткен желге сөне беретін жарықты да жекенің трансформаторынан алып отырғанына ашынады. «Жел болса да, жаңбыр болса да өшеді де қалады. Үш күн болды, жарықсыз отырмыз. Ешқандай жел де болған жоқ бұл жолы. Сөйтсек, трансформатор күйіп кетіпті. Тағы да ақша жинап бердік. Қысы-жазы осы трансформаторға ақша жинай береміз, жинап келеміз. Жыры бітпейді, әйтеуір» дейді Перизат Нұржанова.

Перизат секілді Сарыжайлау, Медеу көшесінің өзге де тұрғындары 1998 жылдан бері жарықтың жырын жырлап келеді. Қолдарынан бір сәтке майшамдарын тастамағандарын алға тартады. Жарық сөнсе балауыз емес, кәдімгі майшамды жағады. Тілшілердің келгенін көрген тұрғындардың біразы майшамдарын ала шықты. Өздерін қаланың тұрғыны ретінде сезінбейтіндерін ашына жеткізді. «Қойшы ауылдың жағдайы бізден жақсы» деген пікірлерін де жасырып қалмады.

Күніне «Күлтөбенің басына» жиналатын ағайынның бар арманы – жарықты мемлекеттің меншігінен алу. Талай рет өтініш жазып жауаптылардың есігін қаққан.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=LVxMPikG9qE[/youtube]

Сөйтсек, қала әкімдігі жарықты өз меншігіне алу үшін біршама жұмыстар атқарыпты. Мұны қала әкімінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек айтты. Қайтпастықтарды үздіксіз жарықпен қамту үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып бітіпті. «Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасы алынды. Енді облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы басқармасына тиісті жұмыстарға қаржы бөлуге ұсыныстар берілді. Құрылыс жұмыстары келер жылы, 2015 жылы жүзеге асатын болады» дейді ол.

Берілген уәде орындала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Ал қайтпастықтарға 2015 жылға дейін жекенінің жарығын жаға тұрудан басқа амал жоқ.

Қайтпастықтар үшін тағы бір жағымды жаңалық. Шағынауданда көгілдір отынсыз қалып кеткен көшелерге тамыз айының соңына табиғи газ беріледі. Сондай-ақ, ауыз су да мемлекеттің меншіге өтетін болды.