Қисық көшесі қоқыстың астында қалды. Бір айдан бері қоқыс шығарушы мекемені құдасындай күткен тұрғындардың шыдамы таусылып, тілшілерге шағымданды. Қызмет ақысын жинауда жаңылмайтын «Орион – жаңа технологиялар» мекемесі тау болып үйілген күл-қоқысты шығаруға келгенде ертеңге басты дейді халық.

vlcsnap-2014-07-21-17h34m24s198 - копия

Қисық көшесі тұрғындарын елең еткізбейтін сөз бар, ол – ертең.  Бір ай бойы бұл сөзден құлақтары жауыр болған олар таудай үйілген қоқыстан құтыла алмай әлек. Аптасына бір рет қоқысты тазалап тұрамыз деген «Орион – жаңа технологиялар» мекемесімен арада келісім-шарт жасалған. Бірақ, соңғы айда келісім тек қағаз жүзінде қалып қойыпты. Ал тұрғындар қоқыс шығару қызметіне төленетін ақыны бір күнде кешіктірмегендерін алға тартады.

Хуриниса Ишболатова, Қисық көшесінің тұрғыны: «Бүгін әкетеді, ертең әкетеді деп, алдап келгендеріне бір ай болды. Анау телефондағы менеджер қыздары адаммен дұрыс та сөйлеспейді. Ертең алып кетеді дейді де тұтқаны қоя салады.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=AOs9T_aOOp4[/youtube]

Әр үйдің алдындағы қоқыс үйіндісі балалардың емін-еркін ойнауына да кедергісін тудырып отыр. Ол аздай қолаңса иісі терезе аштырмайтын көрінеді. Шілденің шіліңгір ыстығында үйілген қоқыс құрттап та үлгерген.

Әбдіхамит Қарабаев, Қисық көшесінің тұрғыны: «Үйден шыға алмаймыз. Балалар да ойнай алмай қалды. Қоқыстан көз ашпай қалдық қой. Кішкентай баланы алдағандай ертең барады, бір сағаттан кейін барады дейді. Жоқ, міне, бір ай болды, біздің көшенің қоқысын тазаламағанына.»

Әбдіхамит Қарабаевты тағы бір мәселе мазалайды. Көшенің жанынан ағып өтетін Қошқар ата өзенінің жағасын қоқыстан тазалаумен күні өтеді. Бірақ, ағып келетін түрлі қатты қалдықтардың тыйылар түрі жоқ. Бұл жер атжалмандардың мекеніне айналып та кеткен. Мына қоқыс жәшігін тазалайтын қызметкерлер көлікке сыймай қалған қалдықтарды өзеннің бойына ағызып жіберетін көрінеді. Мұндай сұмдыққа талай рет куә болғандардың бірі де осы кісі.

Әбдіхамит Қарабаев, Қисық көшесінің тұрғыны: «Өзеннің сағасы күл-қоқысқа толы. Оны халық тастамайды, дәл осы коммуналшылардың өздері лақтырады. Бұрындары жылына 2-3 рет тазаланып тұрушы еді, бүгінгі таңда ол да жоқ. Бір өзім таңертеңнен кешке дейін тазалаймын да жүремін.»

Әдеттегідей, Қисық көшесіндегі қоқысты айтып, «Орион – жаңа технологиялар» мекемесінің жауаптыларына өзіміз хабарластық. Шақырттық. Әбден БАҚ өкілдерінің сынына ұшырап, сілтемесімен ғана қимылдауды әдетке айналдырған компанияның өкілі келіп, халыққа уәдесін үйіп-төкті.

Бұл жолы халықпен кездесуге компанияның механигі Асылхан Қалауов келіпті. Келе сала «Тұрғындар қоқыс ақысын төлемейді» дей беріп еді, халық қолдарындағы төлем қағазын көрсете қойды. Содан маман «Бұл бір апталық қоқыс» деп ақталуға көшті. Дегенмен, бүгін тазалайтындарын айтып, уәде берді. Енді әр аптаның сәрсенбісінде Қисық көшесіндегі қоқыстар алынып кететін болды.