Шымкент қаласының қақ ортасымен ағып өтетін Қошқар ата өзеніне абаттандыру жұмыстары жүргізілгелі жағалауы жәннатқа айналғандай. Шілденің аптап-ыстығында бұл жерге жеті жастан жетпіс жас аралығындағылар жиылатын болған. Жастар жағы салқын суға шомылып демалуды аңсаса, аға буын өкілдері бұл судан түрлі дертке ем іздейді екен.
Қаламқас Исабекова, қала тұрғыны: «Мен мұнда күніге таңғы сағат сегізде келіп, жаттығу жасаймын. Сосын су астына үш рет сүңгіп, денемді созып аламын. Өйткені бұл су адам ағзасына өте пайдалы. Денеңе қуат беріп, өзіңді жақсы сезініп қаласың. Бірақ науқас адамдар абайлап шомылғаны жөн.»
Қазірде демалыс орнына Шымкент мемлекеттік дендрология саябағының мамандары күтім жасайды. Күзетші, тазалаушылардың өзі — 16 адам.
Бақыт Қосжан, Шымкент мемлекеттік дендросаябағының бөлім басшысы: «Шамамен шомылуға күнделікті екі-үш мың адам келуде. Көбінесе түстен кейінгі және кешкі уақытта шомылады. Демалыс күндері одан 2 есе көп келеді.»
Өзен арнасының 7 шақырымы тау тастарымен өрнектеліп, арнайы киім ауыстыратын орындар қойылған. Он көпір салынып, су бұрқағы іске қосылыпты. Бұл жұмыстарға қазынадан 592 миллион теңге жұмсалған.